425,30 504.32 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

СҚО-дағы Обухов тау-кен байыту комбинатында 500 адам жұмыссыз қалуы мүмкін

  • 184
  • UPD: 21:00, 30.07.2021

Кәсіпорын бірнеше күннен бері тоқтап тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал компанияның жүк көліктерін полиция қызметкерлері тәркілеп жатыр. Тұрақты табыстан айырылып қаламыз деп қорыққан жұмысшылар енді ел Президентіне хат жолдамақ.

Бұл – титан-цирконий шығаратын әлемдегі ең ірі әрі бірегей кен орны. Талай жыл жұмысы қайнап жатқан осынау кәсіпорын тоқтаудың алдында тұр. Мысалы 60 тонна цирконий концентраты салынған мына қаптар теміржол арқылы Ресей мен Қытайға экспортталуы тиіс еді. 17 млн теңгенің тауарын екі күн бұрын полиция қызметкерлері тәркілеп алған.

Данил Долгалев, «Обховский ГОК» серіктестігінің директоры:

– Маусымнан бері күн сайын біздің жүк тасымалдайтын көліктер тоқтатылады. Себебі түсіндіріліп жатқан жоқ. Алдыңғы күні түнде полиция концентратты алып қойды. Біз «Тиолайнның» емес, өзіміздің мүлікті шығарып жатырмыз. Оның барлығын дәлелдейтін құжаттар бар. Оған ешкім қараған жоқ. Полицейлер маған қатысты қозғалған қылмыстық істі желеу етеді. Мен оны көрген де емеспін. Бізге жұмыс істеуге мұрша берсе екен деймін.

Серіктестік директорының сөзіне құлақ асатын ешкім жоқ. Жүргізушілердің айтуынша, жүк көліктері заңсыз тоқтатылады. Ал мамандар концентратты ашық аспан астында сақтауға болмайды, ауаға радиоактивті элементтер таралады дейді. Сондықтан олар тәркіленген жүкті қайтарып беруді талап етіп отыр. Былтыр да 100 тонна өнім солай қалып қойған. Комбинаттағы жағдай түбегейлі шешілмесе, 500 адам жұмыссыз қалуы мүмкін.

Гүлмира Абдуллаева, зертханашы:

– Жұмыссыз қалғым келмейді. Жалақым айына 265 мың. Жұмыс тоқтап қалса, баламды қалай асыраймын. Жүректен жүрек қалмады.

Марат Шеген, шебер:

– 2017 жылы мынаның ішін көрсеңіз, не болғанын. Сау ештеңе болған жоқ. Соның барлығын халық істеді. Жабылса, қайда барамыз.

«Обухов» тау-кен байыту комбинатының жұмысшылары облыс бойынша ең жоғары жалақы алады. Қазір 500 адам үрей құшағында жүр. Олар кәсіпорын жабылып қала ма деп қорқады.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов

Хабар 24 телеарнасы