COVID-19: Алматыдағы әскери госпитальде стационар ашылды

Коронавирус елдің қай аймағында да өршіп тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе, Алматыда ахуал күн санап күрделеніп барады. Өткен тәулікте 1680 адамнан қауіпті кеселдің белгілері табылды. Емханалар толған. Дертіне дауа іздеген жұрт енді әскери клиникалық госпитальге де қабылданады.

Алматыдағы әскери госпиталь екінші эшелонға жатады. Негізінен жағдайы орташа ауыр және ауыр науқастарға көмек көрсетіледі. Бір мезетте 150 адам емін-еркін ем қабылдай алады. Қазірдің өзінде қажет жабдықтар мен дәрі-дәрмек толық жеткізілген. Коронавирус секілді қауіпті індетпен күреске сақадай саймыз, дейді дәрігерлер. Бұдан бөлек, түрлі әскери-дәрігерлік сараптама өткізетін 50 орын жасақталды.

Ғалымжан Омаров, әскери клиникалық госпиталь бастығының орынбасары:

– Ауыр науқастарды емдеу үшін реанимация бөлімінде 7 төсек әзірленді. Бұл кезге дейін мұндай науақстарды емдеу үшін госпиталь дәрігерлерінің мол тәжірибесі бар. Біздің госпитальде бұл кезге дейін 1 400-ден астам адам коронавирустан емделді. Олардың үштен бірі ауыр науқастар болды.

Әскер сала өкілдері бұған дейін де ел-жұрттан көмегін аямаған. Өмір үшін арпалысқан мыңдаған адамды аяғынан тік тұрғызып, алғысына бөленді. Дәрігерлер соның 30 процентінің жағдайы аса ауыр болғанын айтып отыр. Бүгінгідей жаман ауру қайта бел алған тұста, қарап жатпай, індетпен күреске үлес қосуға әзір. 

Ермак Жұмажанов, әскери клиникалық госпиталь бастығының орынбасары:

– Қазіргі таңда госпитальде барлық қажетті дәрі-дәрмек пен құрал-жабдықтар бар. Алайда ең бастысы, медициналық қызметкерлер жан-жақты дайындықтан өткен.

Алматымен қоса, Талдықорған мен Үшаралдағы әскери-емдеу мекемелері де ковидке шалдыққан тұрғындарға көмек көрсетеді. Аягөз бен Талдықорған, Сарыөзек пен Семейде төрт инфекциялық оқшаулағыш іске қосылды. ПТР-тестілеу үшін Нұр-Сұлтан мен Алматыда екі стационарлық зертхана, Ақтау мен Семейде мобильді зертханалық кешендер ашылды.

Назерке Тоқжан

Сондай-ақ...