425,30 504.32 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Алматының қоқысы ғарыштан да көрінеді

  • 184
  • UPD: 23:28, 30.07.2021

Тек Медеу ауданының аумағында тұрмыстық қалдық үйіліп қалған тоғыз аумақ бар екен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бір жерде тау болып, бір жерде жағалай жайрап жатқан қоқысты кім әкеледі? Кім төгеді? Белгісіз. Полиция да қауқарсыз.

Заңсыз қоқыс үйіндісі ғарыштан осылай көрінеді. Ал жер бетіндегі көрінісі міне, айнала шашылған құрылыс қалдықтары. Бұл жер Алматының Медеу ауданына қарайды. Белгісіз біреулер күн сайын мұнда бірнеше тонна қоқыс әкеліп төгеді. Экологтардың айтуынша, мұны негізінен қоқыс шығару қызметін көрсететін жеке тұлғалар жасайды. Олар қоқысты Алматы облысында орналасқан полигонға апармай, орта жолда төгіп, кері қайтады.

Ерлан Жақиянов, қалалық экология департаментінің бөлім басшысы:

– Алматы қаласының аумағындағы 13 орында рұқсатсыз қалдықтар анықталды. Олардың 4 орны Алатау ауданынның аумағында орналасқан. Бұл жерде көбінде бос жатқан жерлердің иелері бар. Олар өздерінің жерлерін қоршап қою керек, қоршауы болмағандықтан, қараусыз қалғандықтан қалдықтарды осы жаққа төгіп жатыр енді.

Айыппұл да адамдарды тоқтата алмай отыр. Олар қоршаған ортаға зиян келтіріп, қоқысты рұқсат етілмеген жерге төгуін жалғастыруда. Биылғы жылдың басынан бері қалада 1000-нан астам хаттама толтырылды. Шығын мөлшері 60 миллион теңгеге жетеді.

Елдос Жалбағаев, қалалық тұрғын үй саясаты басқармасының бөлім басшысы:

– Қазіргі таңда басқарма тарапынан мобильдік топ құрылып, күнделікті ауданның тазалығы бойынша рейдтер жүргізіледі. Рейд барысында табылған заңсыз қоқыс үйінділері ауданға жіберіліп, аудан тарапынан ликвидация бойынша жұмыстар жүргізіледі.

Әкімдік өкілдері аталған аймаққа бақылау камераларын орнату туралы полиция департаментіне бірнеше рет хат жазған. Әзірге жауап жоқ. Қазір мұндай заң бұзушылық үшін ең азы 60 мың теңге айыппұл қарастырылған. Алайда мұны қоқыстан қоршаған ортаға келетін зиянмен салыстыруға келмейді.

Гүлжан Көленқызы, Анастасия Вылегжанина, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы