1 тамызда Көлік қызметкерлері күні мерекеленеді

Тамыздың алғашқы жексенбісінде теміржолшылар да Көлік қызметкерлері күнін атап өтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ел экономикасының күретамырына айналған шойын жол тәуелсіздіктің 30 жылдығында әлемдік көлік жүйесінің ажырамас бөлігіне айналды.

Қазіргі уақытта темір жол желісі арқылы жалпы жүктің 80 проценті тасымалданады. Сонымен қатар жолаушылардың 60 проценті көліктің осы түрін таңдайды екен.

Тәуелсіздік жылдары елімізде 2,5 мың шақырым темір жол салынды. Оның алғашқы 187 шақырымы Ақсу мен Дегелең станцияларын қосты. Бүгінде Қазақстан темір жолы әлемдік көлік жүйесінің бір бөлігі саналады. Жемісті келісім нәтижесінде Түрікменстан, Иран, Парсы шығанағы елдеріне тікелей тасымал жүзеге асырылады. Сөйтіп соңғы 10 жылда транзитті контейнер тасымалы 4 есе артты.

Қанат Алмағамбетов, «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

– Жыл сайын миллиондаған тонна жүк тасымалданады. Осы уақыт аралығында компания халық шаруашылығына қажетті дүниелермен барынша қамтамасыз етуге тырысты. Егер біздің аумағы үлкен мемлекетте жоғары тариф белгіленген болса, экономиканың көтерілуі қиынға соққан болар еді.

Он жылда 1100-ден астам жаңа вагон пайдалануға берілді. Ұлттық тасымалдаушы алдағы 8 жылда тағы 500 жолаушылар вагонын сатып алмақ. Мемлекет отандық теміржол машинажасау саласын дамытуға көмек көрсетіп отыр.

Қанат Алмағамбетов, «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

– Бұрын Қазақстанда темір-бетон шпалдарынан басқа бірде-бір қосалқы бөлшек, құрал-саймандар шығарылмайтын. Қазір бізде заманауи тепловоз шығаратын зауыт, француз компанияларымен бірлесіп шығаратын электровоз зауыты бар. Екібастұзда дөңгелектер, бұрандалар жасайтын тұтас кластер орналасқан. Яғни бұл үлкен номенклатуралық өнім.

«Самұрық Қазынаның» портфелдік компаниясында «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының аясында бірнеше жоба іске асырылмақ. Әлбетте, теміржолшылардың әл-ауқатын жақсартыртып, кәсіби деңгейін көтеруге де барынша жағдай жасалған.

Мерей Мұратханқызы, Жандос Битабаров