Алматыдағы троллейбус паркі желіде танымал болған жүргізушіге фитнес-орталыққа абонемент сыйлады

Троллейбуста да спортпен шұғылдануға болады. Алматыдағы троллейбус паркі қоғамдық көлікте спортпен шұғылданған жүргізушіге фитнес-орталыққа абономент сыйлады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Парк басшылығы 55 жастағы Асхат Ибраевқа әлеуметтік желілердегі суреті арқылы назар аударған. Жүргізуші жұмыс арасындағы спорттық жаттығу қаланың шуынан сергуге және жолаушылармен қарым-қатынасты жақсартуға көмектесетінін айтады.

Белтемірге тартылу – Асхат Ибраевтың бала кезінен келе жатқан әдеті. Тартылсам, тезірек өсемін деп ойлайтынмын дейді жүргізуші. Ер жеткенде спорттық құралдарды үйіне орнатып алады. Бір орында ұзақ отырғаннан арқа ауруы пайда болатыны рас. Ал троллейбустың рөлінде кешке дейін отыруға тура келеді. Сондықтан ол ұстағыш тұтқаларды пайдаланып, түрлі жаттығулар жасауды әдетке айналдырыпты. Артынша-ақ, белің жазылып, арқаң сергиді дейді ол.

Асхат Ибраев, троллейбус жүргізушісі:

– Дені саудың – жаны сау. Жастар қазір телефон мен компьютерден ажырамайды. Әрине, электронды ғасыр болып тұр ғой. Дегенмен, қимыл-қозғалыс керек.

Спорт – Асхат Ибраевтың бір қыры ғана. Ол бос уақытында сурет салып, аңшылық құралдарды жасайды. Онысын арнайы сатпайды. Көңілі құлаған адамдар алады екен. Салмақты, біртоға Асхаттың өнерлі екенін әріптестерінің естігендері бар. Ал оның троллейбус ұстағыштарына тартылып, әртүрлі қимылдар жасайтынын көргенде таңғалыпты.

Павел Коннор, троллейбус жүргізушісі:

– Бірінші рет көрген кезде, таңғалдым. Ол троллейбуста емес, үйінен бейнежазба түсіріп, әлеуметтік желіге салыпты. Қимылдары ширақ, кәсіби спортшы дерсің. Ондайды екінің бірі жасай алмайды.

Троллейбус паркінің басшылығы Асхаттың тұтқаларды пайдаланып, жаттығу жасайтынын білгенде, тәртіптік жауапкершілік мәселесі туындайды. Бірақ әріптестерінің қодауының арқасында, жағдай басқаша шешілді.

Гүлзипа Қоянбаева, троллейбус паркінің бағыт басшысы:

– Троллейбус тұтқаларында жаттығу жасағаны үшін жүргізушіні жазаға тартпаймыз, бірақ қызметтік әңгіме жүргізілді. Техникалық қауіпсіздік бойынша олай жасауға болмайды. Жазым аяқ астынан емес пе? Әкімшілік шешімімен жүргізушіге спорт кешеніне тегін билет бердік.

Асхат Ибраев енді троллейбустың тұтқасына тартылмайды. Бір ай бойы арнайы жабдықталған кешенде жаттығатын болады.

Гүлжан Көленқызы, Шапагат Мырзабекова, Абен Нарынбаев