Есіл қаласын абаттандыру жүріп жатыр

Ақмола облысының Есіл қаласында биыл 5 бірдей спорт алаңқайы салынып, бірнеше саябақ іске қосылады.

Бұл үшін облыстық бюджеттен 130 млн теңгеге жуық қаржы бөлініпті.

Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, абаттандыру саласында мұндай қарқынды құрылыс бұл шаһарда бұрын-соңды болған емес. Спорт алаңқайлары әр шағын ауданда бір-біреуден бой көтерсе, саябақтар «Космос» ауданы мен теміржол вокзалы маңынан орын тебеді. Сондай-ақ осы жылы қалада алғаш рет тротуар салынып жатыр. Бұған қоса 2 шақырымдай ішкі жолдар да жөнделеді, дейді мамандар. Ал бұл мақсатта қазынадан 160 млн теңге қаржы қарастырылған. Жол төсеуде алдымен ең күрделі учаскелерге мән берілмек. Бұл Александр Бирюков, Есіл аудандық ТКШ бөлімінің жетекшісі:

- Мәселен, Жабаев көшесі бойынша бізде жобалық-сметалық құжаттар бар. Қазір онда дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Жобаға сәйкес, ол көшеде 700 метрге жуық жаңа асфальт төселеді. Одан бөлек Дистанционная көшесі өте жаман болатын. Ол жаққа 600 метр асфальт жол салынды. Сонымен қатар басқа да нашар жолдар бар. Оларды жөндеу алдағы жылдарға қалады. Себебі бәрін бірдей бір жылдың ішінде қалыпқа келтіре алмаймыз.