Жасыл ел: еңбекші жастарға 2 мыңға жуық квота бөлінді

Батыс Қазақстан облысында жазғы еңбек жасағына қосылған жастарға биыл 2 мыңға жуық квота бөлінген.

Еңбекші жастар елді мекендерді көгалдандыру мен құрылыс жұмыстарына жұмылдырылған.

Университеттің 1-курсын тәмамдаған Сұлтанбек жазғы демалысын қалада өткізіп, тиімді пайдалануды ұйғарған. Ол қазір білім ордасындағы төсемтас шығарылатын цехта еңбек етіп жүр. Сұлтанбектің оқып жатқан мамандығы да осы саламен байланысты. «Сондықтан құрылыс маусымы әрі табыс, әрі үлкен тәжірибе алып келеді» дейді студент.

Сұлтанбек Ғарифуллин, cтудент:

– Оқу кезінде ауызша үйренген заттарымызды қазір практика түрінде қолмен жасап үйреніп жатырмыз. Мысалы, біз болашақ құрылысшы ретінде брусчатка төсеуді және қалай тас шығаруды, бәрін үйреніп жатырмыз. Жалақы жақсы. 80-90 мыңдай аламыз. Жатақхана тегін беріледі.

Ал Дания «Жасыл ел» жасағының қатарына қосылды. Бойжеткен қаладағы саябақтарды тазалау, көшет отырғызу және суару жұмыстарына үлес қосады. Ата-анасының қалтасына салмақ түсірмеуді ойлаған бойжеткен бұл жұмысты күзге дейін жалғастыруды жоспарлап отыр.

Дания Мақсот, студент:

Мен бір ай жұмыс жасаймын деп ойлағанмын. Бірақ маған «Жасыл ел» жұмыс жасағында ұнайды. Сондықтан екінші, үшінші айға қалдым. Қазіргі кезде мынау екінші ай жұмыс жасап жатқаныма. Жұмыс уақыты таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін. «Жасыл елде» еңбекқорлыққа үйретті және достар таптық.

Биыл облыста студенттік құрылыс жасақтарына 500 квота, ал «Жасыл ел» жобасына 1175 квота бөлінді. Қазір еңбек маусымының қызған шағы. Құрылыс бригадалары жолдар мен әлеуметтік нысандарды жаңғыртуға, өндіріске атсалысып жатыр. Ал «Жасыл ел» құрамы елді мекендерді көгалдандыруға, сонымен қатар ауылдық жерлерде бау-бақша күтіміне жауапты.

Берман Исаев, «Жасыл ел» және студенттік құрылыс штабы жетекшісінің орынбасары:

– Жалақыға келетін болсақ, негізгі жұмыс беруші 42 500 теңге төлейді. Ал «Жасыл ел» штабынан қосымша 35 мың теңге төлемақы төленеді. Сарбаздар қажетті заттармен қамтамасыз етіледі. Футболка, киім, форма, кепка. Тасқала, Теректі аудандарында жеміс отырғызуды бастап жатыр. Көкөністер, картоп, пияз. Құрылыс жасақтарына келетін болсақ, аудандардың, ауылдың мектептерінің жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мешіт салуға атсалысып жатыр.

Жазғы еңбек маусымында жастар маңдай тер мен табыстың қадірін түсініп, едәуір тәжірибе жинақтайтыны анық. Яғни бұл уақыт – олар үшін тағы бір мектеп.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Қанат Махмұтов