Қармақшы ауданы Аралға көмек қолын созды

Қуаңшылық қыспағында отырған аралдық шаруаларға Қармақшы жұрты 500 бума шөп жіберді.

Мал азығы құм құрсауында қалған қожалықтарға тегін таратылады. Шөлейтті аймақтағы ағайын қолда бар малынан айырылып жатқанда, қарап қалған жарамас деп игі іске жұмылдық, –дейді қармақшылық фермерлер. Бұған дейін де 10 мың бума шөпті арзан бағамен жөнелткен агросеріктестіктер аралдық бригадалардың өздері де пішен орып алуына мүмкіндік жасап отыр. 50 мыңға жуық бас түлік бағып отырған Қармақшы ауданының аграрлары да мал азығын дайындап жатыр. Жоспар бойынша шамамен 85 тонна шөп пен 17 мың тонна жем қорын жасақтау керек. Қазір соның 20%-і дайын. Жалпы қармақшылық шаруалар алдағы жылы күріш көлемін қысқартып, суды аз қажет ететін дақылдарға басымдық беруді ойластырып отыр.

Еркін Ермаханов, агросеріктестік директорының орынбасары:

– Осыған дейін де мың дана жоңышқа шөбін жібергенбіз Аралға көмек есебінде. Бұдан кейін де сондай көмектер береміз. Бүгін 200 дана пішен араласқан жоңышқа жіберіп отырмыз тегін.

Орынбасар Бекмаханов, агросеріктестік директорының орынбасары:

– Арал ауданында ғана емес, өзіміз жақта да болып жатыр су тапшылығы. Сырттағы мал, егін сарғайып, күннің ыстығынан болар сондай себептермен егін де, шөп те дұрыс шықпай жатыр. Сол себепті ауыл тұрғындарына үй басына 100 престен шөпті тегін таратып жатырмыз. Малы болсын, болмасын, біреу малын басқа үйде ұстайды әркімнің жағдайына байланысты шөп таратып жатырмыз.