Қызылорда облысының 113 елді мекенінде Конго-Қырым безгегінің ошағы анықталды

Қызылорда облысының санитарлық дәрігерлері өңірде кенелердің белсенділігі артқанын айтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Конго-Қырым безгегінің табиғи ошағы 113 елді мекенде анықталып отыр. Жыл басынан бері кене шаққан 288 адам медициналық көмекке жүгінген. Бұл өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 10,5% көп. Қазіргі таңда қанды безгектің 11 дерегі тіркеліп отыр. Соңғысы Шиелі ауданында анықталған. Жалпы қауіпті жәндіктің белсенділігі Қармақшы, Сырдария аудандары мен Қызылорда қаласында байқалды. Санитарлық дәрігерлер тұрғындарға кенеден сақтану жолдарын түсіндіру шараларына кірісті.

Айман Жанахаева, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз хатшысы:

– Аса қауіпті саналатын КҚГҚ емдеуге дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Иммуноплазмалар бар. Оны емдейтін персоналдың барлығы оқытылған. Сондықтан мал шаруашылығымен айналысатын адамдарда КҚГҚ клиникалық белгілері байқалғанда дер кезінде медициналық көмекке жүгінсе, бұл індеттен толық айығып шығуға болатынын еске саламыз.