Ақтауда алғаш рет суда құтқару станциясы ашылды

Бұл Қазақстан бойынша салынған екінші ірі бекет.

Каспий жағалауы кәсіби мамандардың ерекше бақылауында болмақ. Ғимарат Приморский-1 шағын ауданында орналасқан. Төтенше жағдай департаментінің мәліметінше, бұл жерге демалушы көп жиналады. Екі қабатты ғимаратта жаттығуға арналған бассейн және шағын алаң бар. Сондай-ақ мұнда күндіз-түні жедел-құтқару жасағы қызмет етеді. Олар 6 арнайы көлік, 8 жүзу қайықтарымен қамтамасыз етілген.

Назар Ізтілеуов, МО төтенше жағдай департаменті жедел-құтқару жасағының басшысы:

– Өздеріңіз білесіздер, биыл шомылу маусымы басталғалы 9 адам суға кетті. 17 адам құтқарылды. Сондықтан жаңа станцияның ашылуы үлкен көмек болмақ. Өңірімізде бұрын соңды құтқару станциясы болмаған. Мобильді шағын вагонда жұмыс жасайтынбыз. Мамандарға жағдай болмады. Себебі мұнда катерлермен, сүңгуірлік жабдықтармен қамтамасыз етілген. Жалпы, ғимараттың құрылысына республикалық бюджеттен 331 млн теңге бөлінген. Екі жыл бойы салынды.