Ақмола облысы Есіл ауданындағы жазғы лагерь аз қамтылған отбасылардың балаларын қабылдап жатыр

Ақмола облысының Есіл ауданындағы жазғы балалар сауықтыру орталығы биыл тек тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балаларды қабылдап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Лагерьде санитарлық талаптарды сақтай отырып, 60 баланың демалуы жоспарланған. Олар үш ауысымға бөлінеді. Оқушылар үшін жатын орын, тамақ, бәрі тегін.

Есіл өзенінің жағасынан орын тепкен бұл шағын ғана лагерь бұрын бір баланың 10 күндік демалысы үшін 18-20 мың теңге шамасында ақы алатын. Ал биыл мұнда тек әлеуметтік топтағы отбасылардың балаларына басымдық беріліп отыр. Жұмсалған шығынды олар үшін аудандық білім бөлімі өтейді. Нысан басшылығының айтуынша, пандемияға байланысты сақтық шаралары күшейткен.

Мырзагелді Қозбақов, балалар сауықтыру орталығының директоры:

– Қазір карантинге байланысты бөлмелерде кереуеттердің арасын 1 жарым мертден қойдық. Ал 20 баланың өзін екі топқа бөліп тастадық. Демалушыларда маска мен антисептик деген міндетті түрде болады. Осылай барынша сақтық шараларын жасап отырмыз.

Балалар мұнда шығармашылығын шыңдап, дене шынықтырумен де шұғылдана алады. Бастысы, олар жаңа достар тауып, жазғы демалыстарын жақсы өткізіп жатыр.

Милана Андриашина, оқушы:

– Мен мұнда екінші рет келіп отырмын. Бұл жерде әдеттегідей өте көңілді. Тәрбиешілер де жақсы. Тамағы да дәмді. Уақытымыз бос өтпейді. Барлығы кесте бойынша.

Жалпы, биыл қала сыртындағы сауықтыру орталықтарына облыс аумағынан 3 мыңдай оқушы жолдама алса, олардың жартысынан астамы – аз қамтылған отбасылардың балалары. Бұл көрсеткіш бұдан да көп болар еді. Алайда санитарлық дәрігерлер ондай демалыс орындарына 30 процентке ғана жұмыс істеуге рұқсат беріп отыр дейді жауапты басқарма өкілдері.

Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко