Арқалықта жаңа сайланған әкімдерге қызметтік куәлік табысталды

Арқалық қаласында жаңадан сайлалған ауыл әкімдеріне салтанатты жағдайда қызметтік куәлік табыс етілді. Сол сәттен олар ресми түрде өз өкілеттілігін атқаруға кірісті.

«Он алты клапанды». Есеп-қисапты тез шешіп, өндіріп жұмыс істейтін Алмасты құрдастары әзілдеп осылай атайды екен. Мектеп, жоғарғы оқу орнын «қызылмен» бітірген жас жігіт қос мамандықтың иесі. Математик-бағдарламашы және заңгер. Енді сол алған білімін ел игілігіне жұмсасам деген ниеті бар. Осыған дейін төрт жыл Восточный ауылында әкім болған Алмастың қабілет-қарымын жергілікті жұрт жақсы танып білген.

Серік Темерев, Восточный ауылының тұрғыны:

- Сауатты жігіт, сосын осы жылдардың ішінде өзін көрсетті. Халықпен тіл табыса алады. Біраз шаруаның басы қайтарылды. Енді ауылда ең бірінші су мәселесі ғой, сол шешілді. Енді тағы да алда біраз қойған өзінің  бағдарламасында міндеттері бар. Соны енді ойлаймын: келешекте ауыл тұрғындарының үмітін ақтайды.

Алмастың қиялдан емес, нақты есеп-қисапқа құрылған жұмыс жоспары бар.

Алмас Сәрсенбаев, Восточный ауылының әкімі:

- Ең негізгі мәселе қазір ауыл ішінде 7 шақырым жол бар. Соның барлығын, жолдардың барлығын асфальттап жөндеу. Сосын көріп отырсыздар осы мектептің жанында алаңқайлар бар. Соларға футбол алаңын құру жоспарда тұр.

Восточный ауылының әкімі лауазымына үш үміткер сайлау додасына түскен еді. Қорытындысында жергілікті тұрғындардың барлығы дерлік Алмасты таңдады. Көпшілік сенімінің салмағы ауыр екендігін жақсы сезінем дейді жас әкім.

Алмас Сәрсенбаев, Восточный ауылының әкімі:

- Өте үлкен жауапкершілік артады бізге, сайланған әкімдерге. Сондықтан да халықпен бірге жұмыс істеп, олардың сенімін ақтауға тырысамыз.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг