Қостанай облысының шаруа қожалықтары қуаңшылық зардабын тартқан аудандарға шөп жіберді

Қостанай облысының Ұзынкөл ауданындағы шаруа қожалықтары қуаңшылық зардабын тартқан Бейімбет Майлин ауданына 50 тонна шөп жіберді.

Бұл ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «30 қайырымды іс» марафоны аясында іске асырылып отыр. Осындай қиыншылық кезде бір-бірімізге қолдау көрсетіп, барымызбен бөлісу елдігіміздің белгісі – дейді қайырымдылық жасаушылар.

Жалпы облыс бойынша, биыл 1 миллион 84 мың тонна шөп дайындау жоспарланған. Соңғы мәліметке қарағанда, осы межеленген көлемнің 77,5 проценті, яғни 840 мың тонна пішен жиналған. Ұзынкөл ауданы бұл көрсеткіш бойынша алдыңғы қатарда.

Дмитрий Естафьев, Ұзынкөл ауданы әкімінің орынбасары:

– Біздің аудан бойынша қысқы мал азығына 42 мың тонна шөп қажет. Осы күнге дейін соның 80 проценті дайындалды. Бағаны негізсіз өсірмеу жөнінде ауылшараушылығы тауарын өндірушілермен меморандум жасалды. Жеке тұрғындарға да жем-шөппен барынша көмек көрсетіп жатырмыз.

Бұл қайырымдылық шараға алғашқылардың бірі болып Ұзынкөл ауданының шаруа қожалықтары үн қосты. Олар Бейімбет Майлин ауданына 50 тонна орама шөп тиеп жіберді.

Сандуғаш Ідірісова – сол аудандағы Елизавет ауылының тұрғыны. Көп балалы ана. Қорасындағы екі-үш бас ірі қарасына 3 тонна шөп жеткізіп бергенде қуанышында шек болған жоқ.

Сандуғаш Ідірісова, Елизавет ауылының тұрғыны:

– Бізде шөп жоқ биыл, күн ыстық. Жаңбыр жоқ. Осындай жәрдем беріп жатқандарыңызға көп-көп рахмет дейміз.

Қазір жеке шаруашылықтар бір-біріне көмек-қолдау көрсетіп жатыр. Мысалы Ұзынкөл Бейімбет Майлин ауданына 50 тонна шөп берсе, Мендіқара ауданы Жітқараға 120 тонна, ал Наурырзым Денисов ауданына 30 тонна шөп жөнелткен. Және бұл игі іске жергілікті еріктілер де өз үлестерін қосып жүр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында атап өткендей, осы күндері облыс өңірлерінде өтетін бұл акция – тек бастамасы ғана. Қостанайлықтар қиын жағдайда өз жерлестеріне одан әрі де көмектесетін болады.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг