Оңтүстікте той тыйылмай тұр

Түркістанда 200-ге жуық адам жиналған үйлену тойы тоқтатылды, – деп хабарлайды Хабар 24 Polisia.kz.

2021 жылдың шілде айында Келес ауданында карантин режимін бұзуға қатысты 32 жайт анықталған. Оның ішінде жетеуі той-жиын. Анықталған жайттардың барлығы заңды шешім қабылдау үшін Келес ауданы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды. Келес ауданы Біртілек ауылдық округінде орналасқан тойханалардың бірінде сағат күндізгі 14:00 шамасында карантин режимін өрескел бұзып, үйлену тойы жасалып жатқаны анықталып, мобильдік топпен барған полицейлердің бейнежетонына түскен. Тойға 200-ге тарта адам жиналғаны белгілі болды. Тәртіп сақшылары тойға жиналған қонақтарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тойды тарқатты. Аталған тойхана иесі мен той жасаушы тұрғынға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабымен әкімшілік шара көру үшін іс-құжаттар жинақталып, СЭББ-ға жолданды.


Ал Сарыағаш ауданының полиция қызметкерлері шілде айының 22-30 күндері аралығында карантин режиміне қарамастан, жасырын той істегендердің жеті дерегін анықтады. Сондай-ақ сарыағаштық тәртіп сақшылар әр тойда кемінде 50-ден астам адам болғанын растады. Белгілі болған бұл әкімшілік құқық бұзушылық бойынша карантин талаптарын сақтамағаны үшін тойхана иелері мен той иелеріне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабымен (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптары, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу бойынша) әкімшілік шара көру мақсатында тиісті құжаттар жинақталып, Сарыағаш аудандық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жолданды.