Алматы облысының Алакөл ауданында тұрғындардың 53 % вакцина салдырған

Алматы облысының Алакөл ауданында екпе алуға денсаулығы жарамды азаматтардың 53 проценті вакцина салдырған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір аудандық емханаға күн сайын 140-150 адам келеді. Олар үшін ауданда 18 стационарлы егу бөлмесі жұмыс істеп тұр. Және үш жылжымалы кешен бар. Арнайы жабдықталған автобустар шалғайдағы ауыл тұрғындарына қызмет көрсетуде. Жалпы шекаралы аймақтағы аурухананың инфекциялық бөлімінде сырқаттанғандарға 150 орын дайындалған. Қазір соның жетпіс төртінде науқас емделіп жатыр.

Жанар Қасымжанқызы, аудан тұрғыны:

- Екінші компонентті алып отырмын. Бірінші компонентті алғанда ешқандай кері әсер болған жоқ. Бәрі жақсы болды. Мамандығым – мұғалім. Балалардың денсаулығы үшін вакцинаны өз еркіммен алып отырмын.

Лаура Имандосова, Алакөл аудандық емханасының меңгерушісі:

- Аудан бойынша 36 мың адам екпе алуы керек. Дәл қазіргі кезде бірінші компонентін 19 мың 104 адам алды. Бұл 53 пайыз болып есептеледі.