Елімізде «500 ғалым» жобасына іріктеу басталды

Қазақстандық ғалымдар «Болашақ» бағдарламасы арқылы шетелдік оқу орындарында тағылымдамадан өте алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәдениет және спорт саласының қызметкерлеріне де дәл осындай мүмкіндік туып отыр. Ол үшін 28 қазанға дейін конкурстық іріктеуге онлайн өтініш қалдыру керек. Жалпы биыл халықаралық бағдарлама негізінде 137 мамандық бойынша тағылымдама қарастырылған. Оның қатарында «Инклюзивті білім беру», «Вирусология», «Урбанистика», «Жаңа материалдар технологиясы» сияқты мамандықтар бар. Бағдарлама аясында 1055 стипендия бөлінеді. Қазақстандық студенттер әлемнің 207 жоғары оқу орнында академиялық дәрежесін арттыра алады. 28 жылда 12 мыңға жуық отандасымыз «Болашақ» бағдарламасының стипендианты атанған.

Айнұр Кәрібозова, халықаралық бағдарламалар орталығының президенті:

- Жыл сайын әлемнің алдыңғы қатардағы ғылыми орталықтарында отандық 500 ғалымды тағылымдамадан өткізу тапсырмасы шеңберінде осы жылы пилоттық форматта «Болашақ» бағдарламасы шеңберінде нормативтік тұрғыда жүзеге асырылуда. Сондықтан 1055-тің 500-і «500 ғалым» жобасына конкурстан тыс, сандық үйлестірілусіз бөлінуде.