Қостанай облысында 250 мыңнан астам адам екпенің бірінші дозасын алған

Қостанай облысында коронавирусқа қарсы вакциналау жұмыстары төрт есеге артты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгінгі күнге дейін өңірде 250 мыңнан астам адам екпенің бірінші дозасын салдырған. Ал екінші компонентін 170 мың адам алып үлгірген. Бұл көрсеткіш бойынша Алтынсарин, Денисов аудандары көш бастап тұр. Оларда тұрғындардың 61 және 57 проценті екпе қабылдаған. Басым бөлігі – орта жастағылар. Екпе салдырғысы келетіндерді көбірек қамту үшін жылжымалы вакциналау пунктері жұмыс істейді. Олар адамдарды сауда орындары мен базарларда қабылдайды.

Әнуар Едрісов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:

– Вакциналау 31 мекемеде өткізіледі. Оның бесеуі жекеменшік. Сол жерлерде барлығы 181 вакциналау пункті ашылған. 1 мамырдағы дерек бойынша алғашқы үш айда 50 мың адам вакцинаның бірінші компонентін салдырған. Ал екінші тоқсанда 200 мың адам ковидке қарсы екпе алды.