Алакөлде қарапайым гигиеналық қызмет көрсету орындары жетіспейді

Алматы облысына қарасты демалыс аймағындағы жағдай осындай, деп хабарлайды «Хабар 24».

Интернет байланысы да қолжетімді бола бермейді. Шипалы суға шомылуға барғандардың көретін күні осы.

Айдынды Алакөлде қазір шомылу маусымының нағыз қызған шағы. Екі жүзден аса демалыс кешенінде бос орын жоқ. Жағалауда тынығып жатқандардың да қарасы қалың. Жетісу жауһары жанға жайлы болғанымен аймақта туристердің көңілі толмайтын бірнеше мәселе бар.

Асқар Қызырхан, тынығушы:

- Байланыс жағынан дамытса дейміз. Жолды жасап келе жатыр. Құдайға шүкір. Бір екі жылда олда бітсе жақсы болады деп ойлаймыз. Бірақ дәретхана мен киім ауыстыратын жер болса, жақсы болар еді. Керек кезде тез киім ауыстыра қою керек. Бала-шағаны нөмірге жүгіртпей, жағдай жасаса жақсы болар еді.

Мария Истурина, тынығушы:

- Дәретхананы жақындатса екен. Әйтпесе бәрі керемет.

Ақши мен Көқтұмадағы жағалаудың ұзындығы – он үш шақырым. Онда небәрі сегіз стационарлы дәретхана қойылған.

Дәурен Қанағатов, аудан әкімінің орынбасары:

- Су жағасынан 35 метр бекітілген жолақ бар. Санитарлық тораптарды кәріз жүйесін іске қосқаннан кейін жағалауға био туалеттер санын арттыру жоспарда бар.

Кәріз жүйесін салуды мердігер мекеме былтыр бастаған. Олар 70 шақырымға жуық құбыр тартып, бірнеше сорғы станция салмақ. Бүгінгі күнге дейін бекітілген жұмыстың басым бөлігін аяқтадық дейді құрылыс басындағылар.

Александр Коцуменко, жоба жетекшісі:

- Жұмыстың 60 проценті аяқталды. Туристердің келуіне байланысты жағалауды қазуға тыйым салынған. Шомылу маусымы аяқталған соң сол жаққа құбыр тартамыз. Қажетті материалдардың барлығын жеткізіп алдық. Қалған жұмысты төрт айдың ішінде аяқтаймыз.

Ақшиде кәріз суларын тазалайтын нысан салынып, келесі жылдың соңында іске қосылады. Сол кезге дейін әкімдік өкілдері интернет байланысын жақсартып, курортты аймақтағы өзге де өзекті мәселелерді ретке келтірмек.

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев