Маңғыстау облысындағы Қызылсай ауылында дәрігерлік амбулатория қолданысқа беріледі

Жаңаөзендегі провизорлық орталық ауласында модульді оттегі станциясы салынып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

 Жоба құны 57 млн теңгеден асады. Қаражатты «Өзенмұнайгаз» компаниясы бөлді. Станция сағатына 10 текше метр оттегі өндіруге қауқарлы. Монтаж жұмыстары аяқталуға жақын. Сондай-ақ қалаға іргелес Қызылсай ауылында дәрігерлік амбулаторияның іргесі қаланды. 50 орындық нысан биыл күзде қолданысқа беріледі.

Бұрын бұл нысан «Өзенмұнайгаз» мекемесінің профилактикалық орталығы болды. Жуырда көпбейінді аурухананың провизорлық орталығы болып өзгерді. Ғимарат 68 адамға арналған. Сыртында әрқайсына 12 оттегі баллоны қойылған 2 конустық блок тұр. Баллондар басқа жерде толтырылып, осы жерге тасымалданады. Тамыздың соңына дейін оттегі станциясы ашылса, мәселе шешіледі.

Орынгүл Жолдыбаева, провизорлық орталықтың дәрігер-эпидемиологы:

- Науқастардың көбі қазіргі таңда өте ауыр жағдайда келуде. Олардың 90 пайызын оттегімен қамтуымыз қажет. Реанимация бөлімінде 8 науқас жатыр. Оттегі аппараты мәселесі шешілуде. Қазіргі дейін қазақ газ өңдеу зауытынан келіп тұр.

Осы айда Қызылсай ауылында дәрігерлік амбулатория қолданысқа беріледі. Әзірге 7 мыңнан астам тұрғын апатты жағдайдағы шағын емханаға қаралып жүр. Жобаға республикалық бюджеттен қаржы бөлінді. Бір қабатты амбулатория 50 адамға арналған. Ендігі кезекте ауыл халқына кейбір емдік шараларды алу үшін қалаға сабылудың қажеті жоқ.

Расул Әбішаев, Қызылсай ауылының әкімі:

– Жақында облыс әкімі келіп кетті. Біз УЗИ мен рентген аппаратын сұрадық. Ол кісі келісімін берді. Келесі жылға өрт сөндіру депосын жоспарлап отырмыз. «Жаңаөзен қаласын 2020-2025 жылға әлеуметтік дамыту туралы» кешенді жоспардың ішіне енгіздік.

Қызылсайда дәрігерлік амбулатория іске қосылуымен ондаған жұмыс орны ашылады. Сұраныс жоғары дәрігерлер мұнда арнайы шақыртумен келеді. Бірден баспанамен қамтылады. Осы мақсатта ауыл әкімдігі әрқайсы 2 бөлмелік екі үйді дайындап отыр.

Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев