Алакөлге пойызбен баратын туристерге жағдай жасалмаған

Алакөлге барған туристер аялдамаға сыймай жатыр. Алматы облысы Көктұма ауылында туризм тұралап қалған. Теміржол вокзалы жоқ, аптап ыстықта сыртта тұрып пойыз күтеді. Онда да көлеңке болар аялдама павильоны таршылық етуде. Демалыс аймағында бұдан өзге де проблема көп. 

Алакөлден қайтқан жүздеген жолаушы пойызды мына аялдамаларда тосады. Оған сыймағандары темір жол бойына шығып күннің астында тұрады. Немесе қос ағаштың көлеңкесін паналауға мәжбүр.

Ранагүл Сабырова, демалушы:

- Қазіргі кезде бір скамейкада отыр. Елдер полда, жерде отыр. Ешқандай условия жоқ. Станция жасату керек. Күту залын жасату керек. Адамдар көп.

Базаргүл Бигелдіқызы, демалушы:

- Темір жолдың жағдайы жетпейді дегенге ешкім сене қоймайды. Мына халық үшін басқарып отыр. Үстімізге күннен қорған істеуге болады ғой. Шиновниктерге дұғай-дұғай сәлем айтам.

Туристердің дені Көктұмаға пойызбен келген. Жолаушылардың кейбірі вагондардың ескі екенін әрі көрсетілген қызмет сапасына көңілі толмайтынын айтты. Ал енді бірі жайлы вагонмен жетіпті. 

БЛИЦ:

- Кондиционерін білмеймін, жақсы келдік. 

- Жақсы бәрі.

Жолаушыларға не себепті екі түрлі жағдай жасалғанын білмек болып «Қазақстан темір жолы» компаниясына ресми сұрау салдық. Бірақ олардан еш жауап болған жоқ. Темір жол қызметінен бөлек Көктұма ауылында әлеуметтік мәселелер де жетерлік. 

Нұрила Сағынбекова, кәсіпкер:

- Ең бірінші кезекте кәсіпкерлердің өте сұрайтыны электричествоның напряжениясы өте аз. Күнде сөндіріп тастайды. Отырамыз бір сағат, екі сағат. Кейбір кездері тіптен жоқ болып қалады. Сонан кейін қаншама біздің тоңазтқыштарымыз күйіп кетеді.

Эльвира Смағұлова, кәсіпкер:

- Мына пляжымыз бітпей жатыр. Пенсионерлер келеді бізге түсе алмайды. Мүгедектер көп келеді. Астматиктер Алакөлге ем алу үшін келеді. Жағаға түсе алмай жатыр. Жаға бітпей жатыр. Содан кейін ауылда су жетіспей жатыр. Кәдімгі жуынатын және ішетін суымыз үлгірмей жатыр ма, болмай жатыр.

Гүлнәр Қасенова, ауыл тұрғыны:

- Мәшинелер қатты жүреді. Знак жоқ. Ешқай жерде лежащий полицейский жоқ. Кешке жақын қыдырайын десең тротуар жоқ. Проблема жетіп жатыр. Свет жоқ. Кешке жақын балаларды жіберуге қорқасың.  

Жауаптылар аталған проблемаларды білетінін әрі оларды шешу жұмыстары қолға алынғанын айтты.

Алмас Жұмабеков, аудандық ТҮКШ және тұрғын үй инспекциясы бөлім басшысының міндетін атқарушы:

- Демалыс орындарының көбеюіне байланысты орталықтандырылған ауыз су жүйесінің қуаты жеткіліксіз болып тұр. Болашақта халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін желілерді қайта жаңарту және құрылысын жүргізуге ЖСҚ әзірлеп, жұмысын бастау жоспарланып отыр. Сонымен қатар Көктұма ауылында үстіміздегі жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша ауылішілік электрмен жабдықтау желілерін салу және қайта жаңарту жұмыстарына қаражат бөлінді. 

Жергілікті әкімдік өкілдері ауыл ішін жарықтандыру, электр желісін тарту жұмыстары осы жылдың аяғына дейін жүргізілетінін жеткізді. Ал жол жөндеу, ауыз су мәселесі, интернет байланысын жақсарту шаралары алдағы жылдың еншісінде қалып отыр.

Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев