Аса ірі көлемде есірткі сақтаған алматылық қолға түсті

Аса ірі көлемде есірткі сақтаған алматылық қолға түсті, деп хабарлады Polisia.kz.

Алматы қаласы ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында шаһардың 30 жастағы тұрғынын ұстады.

«Ұсталған ер адамның «Мамыр» ықшам ауданындағы пәтерін тінту кезінде ерекше иісі бар жасыл түсті ұнтақ зат салынған 74 полиэтилен пакеті табылды және тәркіленді. Сот химиялық сараптамасы анықтағандай, ұнтақ «гашиш» есірткісі болып табылады, салмағы 340,1 гр. Күдікті өз кінәсін мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деді Алматы қалалық ПД Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Ерлан Алмағамбетов.

Осы дерек бойынша ҚР ҚК-нің 297-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Бұл бапта үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Ведомство қара нарықта гашиштің бағасы 5 грамм үшін 3000 теңгені құрайтынын атап өтті. Қазіргі уақытта тергеу, оның тауарларды қайдан және қалай алғанын анықтап жатыр.