Covid-19: Қостанайда тәулігіне 2 тонна оттегі жұмсалады

Қостанай қалалық ауруханасына әр төрт күн сайын сегіз тонна сұйық оттегі қажет.

Өткен аптада бұл медициналық мекеме инфекциялық стационарға айналған еді,  енді мұнда тек ковидпен ауырғандар емделеді. Айта кетерлігі, олардың қатары күн сайын артып барады. Қазір стационардағы 280 орынның тек алпысы ғана бос. Қалғаны толған.

Пандемия басталғалы бері қалалық аурухана осымен екінші рет инфекциялық стационар болып қайта жарақталды.  Ковидтің күннен-күнге өршіп бара жатқандығына байланысты, жатын орындар көбейтілді. Соңғы тәулікте ғана өңірде індетке шалдыққандар саны 261-ге артқан.

Данияр Жандаев, қалалық аурухананың бас дәрігері:

Бізде 280 төсек-орын бар. Қазіргі кезде 218 адам ем қабылдап жатыр. Олардың барлығы орташа дәрежедегі сырқаттар. Сондай-ақ бізде 20 орындық жансақтау бөлімі ашылды.Онда бүгінде 19 адам жатыр.

Стационарда жатқандарға тәулігіне шамамен екі тонна сұйық оттегі жұмсалады. Бұл баллонмен есептесек, 380 дана. Алайда қазір баллондарды пайдаланбайды. Оттегі орталықтандырылған жүйемен танкерден беріледі. Коронавирустың алғашқы толқынынан кейін қалыпты жұмыс ырғағына көшкенде ауруханада осындай көлемді оттегі ыдысы орнатылған.

Данияр Жандаев, қалалық аурухананың бас дәрігері:

– Өткен айлардың ащы сабағын ескеріп, оттегі қоры қажет екендігін түсіндік. Сондықтан әр палатаға оттегі желісі өткізілді. Бүгінгі таңда 280 сондай желі тартылған. Оттегімен қамтамасыз ету аурухана бойынша орталықтандырылған.

Сегіз тонналық танкер төрт күнде бір рет толтырылады. Одан кейін сұйық оттегі өңделіп, палаталарға беріледі. Танкерді толтыруға бір сағат уақыт кетеді. Ол кезде қосыша желі іске қосылады.

Сергей Чепрасов, медициналық газ жөніндегі инженер:

Танкер бұрандасын жауып, баллондардың қақпақ шұрасын ашамыз. 16 баллондағы оттегі бір сағатқа жетеді.

Жалпы өңірде 2 мың 200-ден астам инфекциялық төсек-орын бар. Қазір кезде соның 58 проценті толық. Індеттің өршуіне негізгі себеп карантиндік талаптардың сақталмауы дейді мамандар. Шілде айында ғана мониторингтік топ шектеу талаптарын бұзудың 146 жәйтін анықтаған.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мухамедьяров