Ауылдар азып барады 

Құмарық ауылының тұрғындары таудан аққан суды ішіп отыр.

Жамбыл облысындағы бұл елді мекенде орталықтандырылған су жүйесі жоқ. Жолдың да тоз-тозы шыққан. Балабақша мәселесі де жұртты шаршатқан.

Бір ғана Құмарықта 2 мыңнан астам халық тұрады. Бұл ауылға таза ауыз су келеді дегелі талай жыл болған. Олар қазір таудан келетін бұлақтың суын ішіп күнелтіп отыр. Оның өзі бірде бар, бірде жоқ. Қажыған жұртты құрғақ уәде мен бос сөз әбден шаршатқан.

Бауыржан Өмірбеков, Құмарық ауылының тұрғыны:

Ішіп отырған суымыз осы. Бұл жерден мал да су ішеді. Қой да су ішеді. Адам да су ішеді. Кейде мүлдем су болмай қалады. Болмай қалған кезде күтеміз.

Елді мекенге бұған дейін су жүйесі тартылып, амалы жасалған көрінеді. Тіпті үйме-үй құбыр түтігін тастап та кеткен. Алайда одан су ақпайды.

Сәуле МүсірәлиеваҚұмарық ауылының тұрғыны:

Кімге барып жүгінеміз. Ішерге су таппай отырмыз. Қурап отырмыз. Есіктің алдының шаңы шығып жатыр. Әйтеуір мына жерге су келсе қуанамыз. Жақсы болды ғой деп шелекпен іліп аламыз. Колонкадан әр үйге шығардық, су ағып тұрған жоқ.

Асқар Болатов, Құмарық ауылының тұрғыны:

Бұл жаңадан келді. Бұны біткеннен кейін кіргізетін адам басқа дейді. Анау күні бастығына жолыққанбыз. Не үшін кіргізбей жатыр суды? Ол жағын бізге айтпайды. Әкімді көргеніміз жоқ әлі. Бір жыл болды.

Мән-жайды анықтап көрсек, аудан әкімі коронавирус жұқтырып ауруханаға түскен. Ал жауапты мамандардың дені еңбек демалысында көрінеді. Жұртты толғандырған сұраққа аудан әкімінің баспасөз хатшысы жауап берді. Маман бұл ауылға таза ауыз су биыл күз айларында кіреді деп сендірді.

Мөлдір Тастанбек, Тұрар Рысқұлов ауданы әкімінің баспасөз хатшысы:

Бұл жоба өтпелі. Құрылысы былтыр көктемде басталған. Оның аяталу мерзімі 2021 жылдың 30 қыркүйегіне дейін деп белгіленген. Жұмыс кестеге сәйкес жалғасып жатыр. Қазір жұмыстың 85 проценті бітіп тұр.

Ауылдың тағы бір проблемасы жол. Шұрық тесік, ойылып кеткен. Елді мекенде соңғы жылдары көлік нөпірі артып, көшелермен жүру қиындаған.

Жаңбырбай Имантаев, Құмарық ауылының тұрғыны:

Ойқыш-ұйқыш. Бәрі қазылып кеткен. Талай адамды, бала-шағаның талайын көлік қақты. Мүгедек болғандары да бар. Бәленбай әкімге айттық. Әкім де тыңдамайды. Жол қатынасының инженеріне де айттық. Ешқайсысы тыңдамайды.

Елді мекенде балабақша мәселесі шешілмей тұр. 1969 жылы салынған ғимаратта бүгінде 25 бала тәрбиеленеді. Әбден тозған бөбекжай әлі күнге дейін көмірмен жылытылады. Тұрғындар мұны қысқа дейін реттемесе балаларға обал деп отыр.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Руслан Ахатіллә