Ауыл шаруашылығы министрлігі комитетінің экс-басшысы ақталып шықты

Нұр-Сұлтан қалалық соты Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің бұрынғы басшысы Е. Айнабековті ақтап шығарды, деп хабарлайды Хабар 24 ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Е.Айнабеков комитет төрағасы қызметінде болған кезде лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін айыпталған болатын.

Нақты айтсақ, 2017 жылдың ақпан-сәуір айларында Мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысы бойынша Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан (Түркістан) облыстарының аумағындағы егіс дақылдарын химиялық улағыш заттармен өңдейтін мердігер ретінде жеке кәсіпкерлік нысан жеңімпаз деп танылған болатын. Мердігер жұмысты сапасыз орындап, техниканы дер кезінде жеткізбеуі салдарынан өңірге «марокко шегірткесі» қаптаған.

Тергеу кезінде Е.Айнабековке осы келеңсіздіктің ізін жабу үшін «Фитосанитария» РМК басшысы Төлебаевты жұмысты кешеуілдеткен мердігерге шегірткеге қарсы у шашатын техника ұсынуға мәжбүрледі деген айып тағылған. Тергеу нұсқасы бойынша соның салдарынан аталмыш республикалық мемлекеттік кәсіпорын 520 855 теңге зиян шеккен. Сондай-ақ комитеттің экс-басшысы жауапкершілігі шектеулі серіктестікті шегірткеге қарсы улы химикаттарды тегін беруге мәжбүрлеген. Е.Айнабеков осы заңсыз тапсырмасы арқылы серіктестікті 18,1 млн теңге шығынға батырған.

«Бұған қоса Айнабеков мамандандырылған ауданаралық сот мердігерді жосықсыз орындаушы ретінде танығанын біле тұрып, келісімшарт құнын ұлғайту туралы қосымша құжат рәсімдеу арқылы 30 040 695 теңге сомасында бюджет қаражатын заңсыз төледі деп айыпталған болатын. Нұр-Сұлтан қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2021 жылғы 3 тамыздағы үкімімен Айнабеков өзінің әрекеттерінде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тағылған айып бойынша ақталды», – деп жазылған соттың баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Ресми мәліметте зиянкеске қарсы у шашатын техниканың уақтылы жеткізілуін және алаңдарды шегірткеге қарсы өңдеу шараларының басталуын бақылау комитетке бағынышты аумақтық инспекциясы басшылығының міндетіне кіргендіктен осындай шешім шығарылғаны айтылған.

«Сот талқылауы кезінде «марокко шегірткесінің» Жамбыл облысының аумағында жаппай таралуының нақты себептері анықталды. 2016-2017 жылдарға дөп келген табиғи циклдерден туындаған биологиялық белсенділік, шегіртке таралуы ықтимал аудандарда химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуге қолайлы ауа-райының болмауы, сондай-ақ ведомствоның қарамағындағы диагностика орталығының 2016 жылы шегірткелердің таралу мүмкіндігін дұрыс болжамауы зиянкестердің бас көтеруіне себепкер болған. 2016 жылы аталмыш орталықты Айнабеков басқарып, кейін комитет басшылығына ауысты. Бірақ ол болжам жобасына өңірлерден алынған деректер негізінде қол қойды», – деп жазады қалалық соттың баспасөз қызметі.

Соттың ұйғырымы бойынша, айыптаушы тарап Айнабековтің арнайы техника мен улы химикатты жеткізу кезінде зардап шекті деп көрсетілген РМК мен ЖШС басшылығына қысым көрсету фактісін дәлелдей алмаған. Яғни, РМК техникасын директор кәсіпорын Жарғысы бойынша ерікті түрде, мердігермен арада жасалған ынтымақтастық туралы шарт негізінде ұсынған көрінеді.

Ал мамандандырылған ауданаралық сот шешіміне қарамастан, қосымша келісімшарт жасауға мемлекеттің экономикалық және экологиялық мүдделеріне қауіп төнуі түрткі болса керек. Яғни, шегірткелердің тез таралуын тоқтату үшін осындай шараға баруға мәжбүр болған.

«Айнабековтің қосымша келісімдер жасауы және қосымша қаржы бөлгізуі заңға сәйкес болғанын АШМ комитетінің заңсыз бөлінді деген ақшаны өндіріп алу шарасынан бас тартуы негіз болды. Өйткені қосымша бөлінген ақшаға тиісті өңдеу жұмыстары жүргізілген. Аталған өңірлерде қосымша өңдеу жұмыстары жүргізілетінін министрліктегі басшылар да білген. Мұны бұрынғы вице-министр Рахымбеков растады. Айнабековтің үстінен қозғалған 1,5 жылдық тергеу оның мердігер ұйымның немесе оның басшысы Қалмұратовтың пайдасына заңсыз іс-әрекеттер жасағанын анықтай алмаған», - деп жазылған сот мәліметінде.

Яғни Қылмыстық кодекстің 361 және 362 басптарында көрсетілген заң бұзу фактілерін айыптаушы тарап дәлелдей алмаған.

Экс-шенеунікті ақтаған үкім заңды күшіне енді.