Жалған вакцина паспортын жасатқандар іздестірілуде

Павлодар полициясы қолдан жасалған вакцина паспортын сатып алған адамдарды іздеп жатыр, деп хабарлайды Хабар 24 Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Полиция мамыр айында қаладағы емханалардың бірінде төрт медицина қызметкері вакцинация паспорттарын қолдан жасағанын анықтады. Олар электронды деректер базасына жалған мәлімет енгізіп, паспорттарды үшінші тұлғаларға сатқан.

Барлығы 200-ден астам жалған вакцина паспорты тәркіленді. Бұл фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің 385-бабы 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Бұл бапта төрт жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Полицейлер барлық жедел тергеу шараларын жүргізді. Дәрігерлердің хат алмасып, ақша аударылған ұялы телефондары тәркіленді. Сонымен қатар медицина қызметкерлерінің жұмыс орнында тінту жүргізілді. Техника мен құжаттар тәркіленді.

«Павлодар облысының полиция департаменті жалған вакцина паспорттарын сатып алып, пайдаланып жүрген адамдарды анықтап жатыр. Оларға қатысты тиісті тергеу амалдары жүргізіледі және 385-баптың 3-тармағы бойынша жалған құжатты қолданғаны үшін қылмыстық жауапқа тарту туралы мәселе қаралады», – деді өңірдің полиция департаментінің басшысы Нұрлан Мәсімов.

Бұл баптың санкциясы – ірі мөлшерде айыппұл, 160 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту не 40 тәулікке дейін қамауға алу.