Шығыс Қазақстанда облыстық қан орталығы коронавируспен ауырып жазылған азаматтардан иммундық плазма жинауды қайта қолға алды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Жыл басынан бері қор жеткілікті әрі жағдай тұрақты болғандықтан бұл процедура тоқтатылған еді. Алайда соңғы айларда ауру көрсеткіші көбейе бастағандықтан қолда бар иммундық плазма мөлшерін арттыру туралы шешім қабылданды. Осылайша, қазір орталық жұқпалы кеселден жазылып шыққандарды немесе толық вакцина алғандарды донор болуға шақырады.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Наргиз Құмарова алғаш рет донор болды. Ол бірнеше ай бұрын коронавирус жұқтырып, емделіп шығыпты. Акушер болып қызмет істейтін ол «өзгелердің денсаулығына бей-жай қарай алмаймын» дейді. Сондықтан бойындағы тазартылған қан плазмасының біреуге шипа бола алатынын біле тұра, текке отыра алмаған.
Наргиз Құмарова, қала тұрғыны:
- Білемін қандай ауыр екенін, адамдарға көмектесейін деп, кішкене көмегім болсын деп, плазма тапсырайын деп келдім. Жаңалықтан естіп, қалай қарт адамдар өліп жатыр, қайыс болып жатыр, жаман аурудан көмектесейін деп келдік.
Өткен жылы 1 шілдеден бастап жыл соңына дейін 4 мың доза иммундық плазма әзірленіпті. Биылға дейін соның 2 мың дозасы 861 науқасқа құйылған. Сауығу көрсеткіші жоғары. Енді облыста кесел тағы да өрши бастады. Демек, пайдалы плазма қорын қайта көбейту қажет. Соңғы уақытта оған сұраныс та өсіп отыр.
Светлана Шмыругина, облыстық қан орталығының директоры:
- Сұраныс бар, өйткені дәрігерлер оның тиімді екеніне әбден көз жеткізген.Осы жаздың алғашқы айларында біз ауруханаларға күніне екі доза жіберіп отырсақ, осы айдың басынан бері күніне шамамен 7 доза жіберіп жатырмыз. Яғни, әр күн сайын жалпы 1,5 литр иммундық плазма қолданылуда.
Биыл иммундық плазма жинақтау шарасының басталғанына екі ақ апта болды. Осы уақыт ішінде 300 доза дайындалыпты. Енді орталықтың 2500 әзірлесек деген жоспары бар. Вирусқа қарсы антиденеге бай қан құрамын тапсырудың талаптарын медициналық мекеме ұжымы әр адамға түсіндіріп береді. Енді бұл қатарға толық вакцина алған азаматтар да қосылды. Ал облыстағы эпидемиологиялық ахуал шынымен де ушығып келеді. Бүгінде өңірде 900-ге жуық адам ауруханада жатыр. Оның 88-і жансақтау бөлімінде. 61 науқас өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.
Сергей Попов, қалалық №4 аурухананың бас дәрігері:
- Жағдай күн санап қиындап барады. Тек қана біздің ауруханаға күніне 50 адам осы індет белгілерін байқап, көмек сұрап келеді. Вирус сырқаттарға ауыр тиюде. Іш өту, бас ауру, сынды бұрын болмаған белгілері пайда болды.Бұл біздің облыста қазір үнді штамы бар екенін білдіреді.
Қазір өңір «қызыл аймақта». Карантиндік шектеулер күшейтілген. Соңғы уақыттары тәулігіне 200-300 адамнан COVID-19 белгілері анықталып жатыр.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов