Нұр-Сұлтанда халық санағының негізгі кезеңіне дайындық басталды

Нұр-Сұлтанда халық санағының дайындық кезеңі аяқталды, оның аясында интервьюерлер тұрғындар санын белгілеу, сондай-ақ мекенжай деректерін редакциялау мақсатында тұрғын және тұрғын емес үй-жайларды аралап шықты.

Планшет құрылғыларына жиналған барлық ақпарат «Аудандастыру» автоматтандырылған жүйесіне берілді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, қазір санақтың дайындық кезеңінің деректері негізінде халық санағын өткізудің негізгі кезеңі үшін алдын ала есептеу мен есеп және нұсқау учаскелерін қалыптастыру жүргізіліп жатыр.

Есептеу және нұсқау беру учаскелері бір интервьюер есептегішке 833 адамның жүктемесін ескере отырып, алдымен қала картасында қалыптастырылады, содан кейін ақпараттық жүйеге және планшеттік құрылғыларға көшіріледі. Бұл барлық респонденттерге санақ парақтары бойынша электрондық түрде сауалнама жүргізуге мүмкіндік береді.

«Интервьюерлердің электрондық планшеттерді пайдалануы санақ қызметкерлерінің еңбек шығындарын азайтуға, адам факторының деректер сапасына әсерін азайтуға, ЖСН қолдана отырып, халық санағы деректерінің шынайылық деңгейін арттыруға, қағаз бен кеңсе заттарын едәуір үнемдеуге септесіп, сондай-ақ деректерді жинау кезінде интервьюерлердің жылдам жұмыс істеуіне мүмкіндік береді», – делінген ведомство хабарламасында.

Нысандарды аралау және онда тұратын халыққа сауалнама жүргізу 2021 жылғы 1-30 қазан аралығында жүзеге асырылады.

Айта кету керек, заманауи цифрлық технологияларды енгізу және процесті автоматтандыру алғаш рет халыққа санақтан өтудің басқа нұсқасын таңдауға мүмкіндік береді. Азаматтар орналасқан жеріне қарамастан мамандандырылған sanaq.gov.kz сайтында интернет-сауалнамадан өте алады, өзіне және отбасы мүшелеріне санақ парақтарын дербес толтыру қажет. Сайт 2021 жылдың 1 қыркүйегі мен 15 қазаны аралығында тәулігіне 24 сағат бойы қолжетімді болады.