Қарағанды өңірінде Шерубайнұра өзені тартылып барады

Қарағанды өңірінде Шерубайнұра өзені тартылып барады. Қарамұрын ауылындағы жұрт бұған бағбандарды кінәлайды. Ал бағбандар бұл құрғақшылықтың салдары деп отыр. Кімдікі дұрыс? Кімдік бұрыс біліп болмайды.

Шерубайнұра Орталық Қазақстандағы ең ірі өзендердің бірі. Қарағанды өңіріндегі бірнеше су қоймасы дәл осы өзеннің бойында тұр. Алайда биыл судың деңгейі айтарлықтай түсіп кеткен. Тіпті  қуаңшылық жылдары да мұндағы су дәл осылай тартылмаған, дейді жергілікті жұрт. Қазір бұл маңды қамыс басып кетіпті.

Шәкен Аршамаева, Қарамұрын ауылының тұрғыны:

- Ол сулардың орнына қамыс өсіп жатыр. Ол қамысқа енді насеком келеді әртүрлі. Сосын ауылға аурулар әкеледі. Ешқандай жағдайымыз жоқ, малға су ішетін жер жоқ. Салған огородқа су құя алмаймыз.

Қарамұрын ауылының тұрғындары судың тартылуына осы маңдағы картоп егетін шаруашылықты кінәлап отыр. Айтуларынша, олар бірнеше гектар алқапқа еккен көкөністерін өзен суымен суарады екен. 

Нұрлыхан Бейсенбаев, Қарамұрын ауылының тұрғыны:

- ТОО насостарын қойды. Ана жерде 15 насос тұр қатарынан. Әр жақта картошка салып жатыр. Сол картошкаға бүкіл судың бәрін тасып алып кетті. Біздің айқайымыз, насостың бәрін алып, поливті тоқтатсын.

Алайда бағбандар өзеннің тартылуын биылғы қуаңшылықпен байланыстырады. Судың азайып кеткенін олар шілденің басында байқаған. Содан бері картопты суару мүмкін болмай тұр, дейді. Өзеннен күнделікті қанша су алғаны әрбір сорғыда орнатылған есептегіш құралда анық жазылып тұрады екен.

Сергей Шибанов, компания директоры:

- Біз өзен суын пайдалану үшін тиісті мекемелерден рұқсат алғанбыз. Сол құжатта көрсетілген мөлшерден артық алмаймыз. Өзеннің тартылуына басқа жағдай себеп деп есептеймін. Бұрындары арнайы платиналар салынып, сол арқылы өзен суы толықтырылып отыратын. Қазір оның бірі жоқ. Оның үстіне биылғы жаз жаңбырсыз болды. Тіпті жерасты суларының да деңгейі анағұрлым түсіп кеткен.

Мамандар соңғы екі жыл қатарынан өңірде қуаңшылық болғанын растайды. Қарғын су да қарық қылмай тұр.

Мүслім Аққожин, Нұра-Сарысу бассейні инспекциясының басшысы:

- Біз жаздың осылайша жаңбырсыз болатынын күткен жоқпыз. Қуаңшылықтың салдары өзен-көлдерге де әсер етіп жатыр. Ал картоп егетін шаруашылыққа рұқсат бергеніміз рас. Себебі оларды да сусыз қалдыруға болмайды. Өңірдегі азық-түлік қорын жасақтайтын ең ірі компанияның бірі ғой.

Бұл мәселеде ең ұтымды жол – картоп алқаптарына тамшылатып суару технологиясын енгізу, дейді мамандар. Ал қуаңшылықтың әлі қаншаға жалғасатынын әзірге ешкім дөп басып айта алмайды.

Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев