Шымкентте жапырақжегіш қоңыздарды химиялық препараттармен улап жатыр

Шымкенттің жасыл желегін қоңыз жайлап алды. Зиянкестер әсіресе қарағашқа құмар. Түгін қалдырмай жеп жатыр. Сөйтіп, көшедегі тал-терек жаздың ортасында жапырақсыз қалды.

Жайқалып тұрған жасыл желек санаулы күн ішінде сидиып, қу бұтақтар ғана қалады. Оймақтай жәндіктер шаһардың біраз бөлігінде ойран салған. Халық көп баратын демалыс орындары адам танымастай өзгеріпті. Әсіресе жас талдар қурап, қайта өспейтіндей күйге жеткен. 

Надежда Сорокина, қала тұрғыны:

- Ағаштардың жайы нашар. Аптап ыстықта тыныстайтын жапырақтары жоқ. Әбден қурап қалды деуге болады. Себебі жаңа бұтақтары көрінбейді. Бұған көңіл бөлу керек. Көктемнен бастап улау қажет еді. 

Жапырақжегіш қоңыздарды қазір химиялық препараттармен улап жатыр. Бірақ бұл шара адамға зиян деп желіні шулатқандар да табылды. 

- Мыналар не істеп жатыр?? Адамдарды улап....

Мамандардың айтуынша, бұл препараттардың адам ағзасына ешқандай зияны жоқ. Жәндіктер де адамға залал келтіре қоймайды. Бірақ дер кезінде уламаса жасыл желекті жалмап, қарағаш атаулыны жойып жіберуі әбден мүмкін.

Опабек Әуесбек, қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы бөлімінің бас маманы:

- Қала аумағында көптеп кездесіп жатыр бұл зиянкестер. Көбінесе қарағаш ағашы көптеп зардап шегуде қазіргі таңда. Өңдеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін ағаштар едәуір жақсара түседі жағдайы. Одан кейін суару жұмыстары тұрақты түрде, уақытылы жүргізіледі. Сондай-ақ ағаштарды қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі.

Бүгінге дейін 125 гектар жерге у себілді. Негізінен қарағашы көп аумақтар қамтылған. Алайда тағы бір мәрте улау қажет. Дегенмен, мұның да нәтиже беретіндігіне ешкім кепіл бола алмады. Мамандардың айтуынша, қураған ағаштар бірнеше айдан кейін қайтадан қалпына келуі тиіс. Ал жапырағы келер жылы ғана шығады.

Мансұр Есқожин, Катерина Попкова, Нурмахан Бекмуратов