Берік Шәріп Қытайдан қорғаныш киімін әкелетін мердігерді таңдауға ықпал етті ме?

«СҚ Фармацияның» бұрынғы басшысын сот ақтады. Берік Шәріп бір жыл бойы қамауда отырған. Енді айыптаушы тарап одан әрі шағымданбаса, соттың шешімі 15 күннен кейін заңды күшіне енеді. 

Бақыт Топтаева, тілші:

-«СҚ Фармацияның» бұрынғы басшысы Берік Шәріп былтыр 14 тамыз күні қамауға алынған. Ал сотқа дейінгі тергеу амалдары сәуірге дейін жалғасты. Міне осы аралықта жер-жердегі қарапайым медицина қызметкерлерінен бастап, сыртқы істер министрлігі, денсаулық сақтау, көлік-логистика саласының лауазымды тұлғаларына дейін ұзын саны 500-ге жуық куәгер сөзге тартылды. Есіл аудандық сотына тапсырылған сәттен бастап 3 айға созылған іске бүгін міне нүкте қойылды.

Қанат Дүйсембиев Есіл аудандық сотының судьясы:

- Шәріп Берік Шәріпұлын ҚР Қылмыстық Кодексінің 361-бабы, 4-бөлімі, 3-тармағына сәйкес қылмыстық заң бұзушылықтың болмауына байланысты ақталады. 

Осылайша Берік Шәріпке тағылған ауыр айыптың бірі шешілді. Онысы өзі жетекшілік еткен компания былтыр көктемде қорғаныш киімдерін уақытылы жеткізбей, медицина қызметкерлері жаппай коронавирус жұқтырды деген айып еді. Судьяның пікірінше, ковидты жұқтыруға қатысты жүргізілген зерттеу нәтижесі түсініксіз әрі толық емес болды. Шәріп лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланып, Қытайдан қорғаныш костюмін жеткізетін мердігерді таңдауға ықпал етті деген пайымның да еш негізі жоқ.   

Ерлан Мәкенов, Б. Шәріптің адвокаты:

- Берік Шәріптің өзі сот үкімімен толық келісіп, соттың әділ шешіміне ризашылығын білдірді. Егер сот тергеуіне тоқталар болсақ, жалпы процесс әділ өтті деп есептеймін. Бұл ретте судъя Дүйсембиевтің толыққанды, жан-жақты әрі әділ жүргізгенін атап өту қажет.  

Мәлім болғандай, негізсіз айып тағып, бір жыл бойы абақтыда ұстағаны үшін Берік Шәріп айыптаушы тарап үстінен сотқа шағымдана алады.

Ерлан Мәкенов, Б. Шәріптің адвокаты:

- Қарсы тарапқа шағымданып, аппеляцияға беру жөнінде айтар болсақ, қорғалушымыз Берік Шәріптің шешіміне адвокаттар ретінде қарсы шыға алмаймыз. Ол шағымданып, сотқа арыз беруден бас тартып отыр.

Дегенмен, Қылмыстық Кодекстің 287-бабы бойынша қаруды заңсыз сақтағаны үшін Шәріп айыпты деп танылды. Сол үшін 2 млн теңге көлемінде айыппұл төлеуі тиіс. «СҚ Фармацияның» бұрынғы басшысы Берік Шәріпке қатысты сот үкімі 15 күннен кейін заңды күшіне енеді.

Бақыт Топтаева, Арман Ақшабаев