Павлодарлық саяхатшы Алматыға жаяу тартты

Павлодарлық Ришат Шайхитдинов Алматыға көліксіз тартты. Аяқ артқаны роликті тақтай ғана. Осы күнге дейін ол скейтпен 1250 шақырым жолды еңсерген. Саяхатшы сапар барысын әлеуметтік желіде күнделікті жүктеп отырады. 

Ришат Шайхитдинов Павлодардан Алматыға екі апта бұрын аттанды. Алдымен лонгбордпен жүру техникасын меңгеріп, кейін жолға шыққан. 

Аздаған азық-түлік, киім-кешек пен лонгборд. Ришатқа жолда ең керегі осы заттар. Саяхатшы күніне 100 шақырымдық қашықтықты еңсеріп келеді. Ең бастысы, оған ауа райы қолайлы, жол жақсы болса болғаны.  

Ришат Шайхитдинов, саяхатшы:

- Саяхат барысында мейрімді жандарды кездестірдім. Барлығы қолпаштап, қолдау көрсетеді. Көлік тізгіндегендері көмектерін ұсынып жатады. Алғысым шексіз. Олар осы әрекеттерімен мені ынталандырады. 

Бұл Ришаттың алғашқы сапары емес. Бұған дейін ол турист ретінде Қазақстан және Ресейдің көрікті жерлерінде болған. Сонымен қатар Армения, Грузия, Түркия, Моңғолия мен Оңтүстік Кореяның мәдениетімен танысқан.

Ришат Шайхитдинов, саяхатшы:

- Саяхаттау кезінде жаңа адамдармен танысуды ұнатамын. Түрлі халықтардың мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігі туралы мол мағлұмат білемін. Сонымен қатар денем шынығады. Осылайша рухани және спорттық жағынан дами түсемін.

Ришаттың негізгі мамандығы геоэколог. Алыс сапарлар мен қызықты саяхаттарға құштарлығы сондықтан. Алдағы уақытта роликті тақтайшамен еліміздің өзге де қалаларын араламақ.

Ақмарал Есімханова