Ақтауда бір аптада 60-тан астам науқас көз жұмды  

Маңғыстауда эпидемиологиялық ахуал нашарлады.

Соңғы бір аптада 60-тан астам науқас көз жұмды. Стационарда төсек толымдығы 61%-ке жеткен. Жансақтау бөлімшесінде 116 науқас, ауыр жағдайда 81 адам жатыр. Аурудың күрт өсуі шілденің ортасында байқалды. Короновирус инфекциясымен бір жетіде 1700-ге жуық адам тіркелген. Қазір стационарда 1184 науқас ем қабылдауда. Оның ішінде 55-і – бала, 90-ы – жүкті және босанған әйелдер. Бас санитарлық дәрігердің айтуынша, инфекцияның күрт өсуінің басты себептері – той-жиынға барып, карантин талаптарын сақтамау және екпе алмау.

Айта кетейік, өңірде 171 мыңға жуық адам вакцина салдырған.

Ғазиз Надуев, Маңғыстау облысы Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

– Вакцина алып қаза болғандардың фактісі тіркелген жоқ Маңғыстауда. Айта кетейін, 100-ден астам вакцина алған адамдардың ауруы неден болады: вирусты жұқтырып, әлі клиникалық симтаматикасы жоқ, сол кезде екпе ала береді адамдар. Вакцина алған адам ауыр хал жағдайға түспейді.