Қазақстандықтар пандемиядағы жедел жәрдем қызметіне қандай баға берді?

Отандастарымыз пандемия кезінде жұмыс істеген жедел жәрдем қызметіне баға берді.

«Энерджи-Пром» порталы таратқан мәліметке сенсек, сауалнамаға 200-ден аса адам қатысқан екен. Олардың дені жедел жәрдем қызметіне көңілі толатындарын жеткізген. Шақыртуға 10 минутта келді дегендер көп болыпты. Арасында жарты сағат күндері бар. Тіпті кейбір өңірде жедел жәрдем 5 күннен кейін келген көрінеді. Сауалнамаға қатысқан адамдардың кейбірі дәрігерлердің қанша уақытта жеткендерін  ұмытып қалғандарын айтқан.

Осы ретте мамандар өңірлердің рейтингін түзіп үлгеріпті. Олар тұрғындардан жедел жәрдем жұмысын 5 баллдық жүйе бойынша бағалауды сұраған. Көш басында Жамбыл өңірі тұр. Мұндағы дәрігерлер шақыртуларға дер кезінде барып, тиісті көмек көрсетсе керек. Одан кейінгі орынға Ақтөбе облысы жайғасыпты. Ал елордалық ақ халаттылар үштікке кірген. Көш соңында Батыс Қазақстан облысы қалып қойды. Ондағы жұрт жедел жәрдем қызметін әлі де жетілдіру керек деп есептейді.