Іле ауданындағы кәсіпорын қызметкерлері түгел екпе алды

Алматы облысы Іле ауданындағы кәсіпорын қызметкерлері түгел екпе алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соның нәтижесінде мұнда ұжымдық иммунитет қалыптасқан. Қазір мекеме тұрақты түрде жұмыс істеп, өнімін шетелге экспорттап жатыр.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Сұлтанбек Молжігітов темір кесетін лазерлік құрылғыны басқарып, түрлі кескіндерді шығарады. Зауыттағы ең жас маманның жұмысқа орналасқанына бір жыл болды. Ол еңбекшілер арасында алғашқылардың бірі болып екпе алған.

Сұлтанбек Молжігітов, оператор:

- Көпшілік адамдармен қарым-қатынаста болғандықтан әркімнің денсаулығы маңызды болғандықтан өзімді және өзгені сақтау үшін екпе салдырдым.

Данияр Әбілов, жұмысшы:

- Вакцина алмаған кезде біреу түшкірсе сескенетінбіз. Ал қазір қорықпай жүре береміз.Сөйлесіп. Біздің зауытта 100% алды. Вакцина алмады деген адам жоқ жұмысшылардың арасында.

Өндіріс орнында жүз адам еңбек етеді. Олар жылына 2,5 млрд теңгенің өнімін өндіріп отыр. Желдеткіш құрылғылары Азия және Еуропа мемлекеттеріне экспортталады. Шетелмен тығыз қарым қатынастағы кәсіпорын басшылары алдымен өздері екпе салдырған. Артынша жұмысшылар да вакцина алды. Ұжымдық имунитет қалыптастырудың нәтижесінде мекеме тоқтаусыз жұмыс істеп тұр.

Нұрғали Қанатұлы, зауыт директоры:

-Былтыр осындай кезде күніне екі үш адам жұмысқа кіре алмайтын. Өйткені температурасын өлшеп, сөйтіп, үйіне қайтарып жіберетінбіз. Температура себебінен. Тап қазір жұмыскерлеріміз жұмыс орнында. Өтірік мәлімет сияқты болып көрінеді. Шынымен бар нәрсе. Статистика сондай. Былтыр қиын биыл оңай.

Іле ауданы – Алматы облысындағы өндірісі дамыған аймақтардың бірі. Мұнда 11 мыңнан астам ірі, шағын және орта кәсіпкерлік нысаны жұмыс істейді.

Жанат Мелісұлы, Іле аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

-Ауданымызда 6 жүйе құраушы 18 орта кәсіпорны бар. Ауданымыздың ең ірі 61 кәсіпорын ішінен анализ бойынша 51% екпе алды. Орта шағын кәсіпорындардың ішінен проценттік мөлшерде 50%-і екпе салдырды.

Кәсіпкерлік саласында жұмыс істейтіндерге екпе салдыру шаралары алдағы уақытта да жалғасады. Жыл соңына дейін жасанды иммунитет қалыптастырған еңбек ұжымдарының санын ауданда 100%-ке жеткізу жоспарланып отыр. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев