Өскеменде зағип жан тоғызқұмалақ пен шахматтан үйірме ашты

Өскемендік Роман Бояринов тоғызқұмалақ пен шахмат үйірмесін ашты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Туғаннан қос жанары дұрыс көрмесе де, көкірек көзі ашық. Тіпті тоғызқұмалақтан спорт шеберлігін де қорғаған. Енді осы ұлттық ойынның қыр-сырын мектеп оқушыларына үйретіп жүр.

Олжас Керейхан, тіліші:

- Байланыс саласының маманы Роман Бояринов тоғызқұмалақты 10 жыл бұрын үйренген. Қазір кәсіби ойыншы. Пандемия тарағанға дейін зағиптар арасында тоғызқұмалақтан өтетін республикалық жарысқа жыл сайын қатысып, бірнеше жыл қатарынан бірнші орын алған. Енді ойындағы тәжірибесін оқушыларға үйретіп жүр.

Роман Бояринов, тоғызқұмалақтан спорт шебері:

- Өмірде ештеңе оңай емес. Сондықтан оқу, үйрену және есте сақтасаң ғана нәтижесі болады. Мен өз шәкірттеріме тоғызқұмалақ үйреткенде осы бағытты ұстанам. Осы үйірмеге келіп жүрген бір қыздың әкесі телефон шалып рахметін айтты.Қатты қуанып қалдым. Қалай сабақ беретінімді қызы айтса керек.

Облыстық Пушкин атындағы кітапханада тоғызқұмалақ пен шахмат үйремесі биыл наурыз айында ашылған. Оны ашуға кітапханашылардың өзі ұйтқы болыпты.

Айша Қали, тоғызқұмалақ үйірмесінің жетекшісі:

- Тоғызқұмалақ біздің дәстүрлі ойынымыз ғой. Соны үйретейік деп шығарған мен. Содан Рома бір жұмада 2 рет келіп, балалармен ойнайды. Оқырмандар, үлкендер келеді.

Кітапхана қызметкерлері тоғызқұмалақ үйренуге оқырмандардың ықыласы жақсы екенін айтады. Бірақ пандемияға байланысты қазір үйірмеге шектеулі ғана адамдар келіп жүр. Негізінен оқушылар мен кембағал жандарға басымдық беріп отыр.

Әсем Мергембаева, қала тұрғыны:

- Бұл тек ойын ғана емес. Мүлде бөлек әлем. Тек уақыт өткізу емес. Жаның тынығады. Менің көзім көрмесе де, көкірегім ояу. Бәрін сезіп отырамын.

Қыркүйекте сабақ басталған соң дәл осындай үйірмені мектептерде ашу ойы бар. Роман Бояринов тоғызқұмалқтан өтетін ел біріншілгін күтіп жүр. Ал жарыстың өту-өтпеуі елдегі эпидахуалға байланысты.

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин