ШҚО-дағы Долон ауылына ауыз су тарту жұмыстары былтырдан бері аяқсыз қалған

Долон ауылының тұрғындары ауыз суға зар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шығыс Қазақстан облысындағы бұл елді мекендегі осы мәселені шешуге былтыр 460 миллион теңге бөлінген. Жоба бекіп, орталықтандырылған таза су жүйесінің құрылысы басталған. Алайда екі ай бұрын белгісіз себептермен жұмыс тоқтап қалды. Қазір ауыл іші қазылған күйі астан-кестеңі шығып жатыр. Ал жергілікті жұрт суды сапасыз болса да, құдықтан тасып ішіп жүр.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Бүтін бір ауылдың тіршілік көзі міне, мына құдық. Жұрт суды тұрмысқа да, тіпті ішуге де осы жерден алады. Долон ауылының тұрғыны Әсия Жұмабекова да елмен бірге ауыз суға келген. Оның айтуынша, соңғы жылдары судың сапасы бүлініп, нашарлап кеткен. «Соған қарамастан пайдалануға мәжбүрміз», - дейді ол.

Әсия Жұмабекова, Долон ауылының тұрғыны:

- Экологтар суды лас деп отыр. Оны ішуге, тұтынуға жарамсыз. Тек малға беруге ғана болады. Амалсыз ішіп отырмыз. Әр үйге жеке-жеке су тартылады деп жар салған. Енді міне, бас-аяғы жоқ жұмысты тастады да кетті!!!

Судың жоқтығы зейнеткерлер мен қарт адамдарға ауыр тиіп отыр. Қазір олар үшін құдық басып, су шығару мұңға айналған.

Ауылға су тартылады деп көшелер қазыла бастағанда тұрғындар қуанып қалғандарын айтады. Алайда олардың қуанышы ұзаққа созылмады. Түсініксіз жағдайда құрылыс тоқтап, жұмыс жүрмей қалды.

Любовь Шнайдер, Долон ауылының тұрғыны:

- Ауылдың ішін түгел қазып-қазып тастап кетті. Жүріп-тұру мүмкін емес. Қазір жаз болған соң құрғақ болып тұр. Жауын-шашын болса лай, батпақ болады. Мән-жайды сұрап жатырмыз. Тым-тырыс. Жауап жоқ. Бастапқыда су тартамыз деп аралап шыққан. Бұл жаңалық біз үшін мейрам болды. Енді міне, су да жоқ, құрылысшылар да жоқ. Біз сияқты зейнеткер, мүгедек адам үшін жағдай өте ауыр болып тұр.

Жоба былтыр жүзеге асырыла бастаған. Оған мемлекеттен 460 миллион теңге бөлініп, 540 үйді ауыз сумен қамту жоспарланған. Алайда аудиторлық тексерістен кейін жұмыс бірден тоқтатылған. Анықталғандай, мердігер компания заңсыз әрекет еткен көрінеді.

Алмат Құсайынов, Бесқарағай аудандық сәулет және ТҮКШ бөлімінің маманы:

- Арнайы бақылау нәтижесімен ішкі мемлекеттік аудит экономикалық сотқа жасалған келісімнің заңды, заңсыздығына көз жеткізу туралы өтініш жолдаған. 2020 жылдың желтоқсан айында Шығыс Қазақстан облыстық экономикалық сотының шешімімен келісімшарт жойылды.

Мамандардың айтуынша, нысанның құрылысы бітуге жақын. Қазір қалған жұмысты аяқтайтын мердігерді анықтау үшін жаңа байқау жарияланған. Жауаптылар бұл жолы суды қараша айында кіргізіп береміз деп отыр.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Әсем Өтешова, Берік Жобалайұлы