Ақтөбеден Атырауға дейінгі жол екі есеге дейін қысқаратын болды

Ақтөбе – Атырау – Ресей Федерациясы шекарасы жол жобасын іске асыру қарқынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен «Қазавтожол» ұлттық компаниясының өкілдері де куә болды. Қазірдің өзінде көрші орналасқан екі өңірдің арасында көлікпен қатынау екі есеге дейін қысқара түскен. Ал, жолдың Ақтөбе облысы арқылы өтетін 330 шақырымының 200 шақырымнан астамын биыл толық аяқтау көзделіп отыр.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Республикалық маңыздағы жол құрылысы Ақтөбеден 11 шақырым жерден басталады. Төрт ауданның үстімен өтіп, Атырау облысына дейінгі аралықты қамтиды. Оның ішінде қала мәртебесіне ие Қандыағаш пен Алғаны айналып өтетін жол салынып жатыр. Бұл болашақта транзиттік көліктердің шаһарға кіріп, кептелісті болдырмаудан туындаған міндет. Тек Алғаның шетінен салынып жатқан жол екі жолақты болмақ.

Марат Махамбетов, «Қазавтожол» ҰК» АҚ облыстық филиалының директоры:

- Осы айналма жолда бес су өткелі бар және үш көпір бар. Оның екеуі Елек өзенінен өтетін жаңа көпір. Біреуі теміржолдан өтетін өткел. Бүгінгі таңда осы жерде мың жарым куб жер жұмыстары бар. Сол жұмыстар жүріп жатыр. Обходта өздерінің алған бес шақырым жолын бұлар бітіріп отыр. Енді 1,7 шақырым қалып отыр. Оны бітіріп шығатын болады.

Көлік дәлізінің 330 шақырымы Ақтөбе облысы арқылы өтеді, Қазір әр учаскеге жауапты мердігер компаниялар жұмыстың қарқынын арттырып, қызу жүргізіп жатыр. Кейбірі екі ауысымды кестеге көшкен. Ал, құрылысқа қажетті құм, қиыршықтас жергілікті жердегі кен орындарынан алынса, бетон облыс орталығындағы бірнеше кәсіпорыннан жеткізіледі. Асфальт зауыттары да жұмыс жүріп жатқан маңда орналасқан. Ал, құрылысқа тартылған жүздеген еңбекшінің арасында іріктеуден өткен үздік мамандар да бар.

Жұмағали Зұлқарнаев, жұмысшы:

- Оның алдында Қарағандыда істедік. Павлодарда істедік. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолдарында істедік. Біраз жерде істедік қой енді. Жалпы жағдай жақсы. Біра ай істейміз. Он күн демаламыз. Айлығымыз уақытылы беріледі.

Мамандардың айтуынша, Ақтөбеден Қандыағаш қаласына дейінгі 90 шақырымдай жол 2023 жылы салынып бітеді. Ал, әрі қарай көрші облыстың аумағына дейінгі аралықты биыл аяқтау көзделіп отыр.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Біз қазір көлік дәлізінің 110 шақырымы, асфальт жабындысы төселіп жатқан учаскесінде тұрмыз. Бұл жерде де жұмыс қарқынды жүргізілуде. Жалпы осы салынып жатқан жолдың 330 шақырымы Ақтөбе облысының аумағымен өтеді. Оның 215 шақырымы осы жылдың соғына дейін аяқталуы тиіс. Сол кезде көрші екі өңірдің арасындағы қашықтық екі есеге дейін азайтылатын болады.

Нұртілек Хасенов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің автомобиль жолдары комитеті өкілі:

- Негізгі қарқынды жұмыстар жүріп жатырған Қандыағаш – Мақат жобасының қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 85-90%-і аяқталып келді. Енді қалған құрылыс жұмыстары – жол белгілерін қою, жолға таңбалау сияқты жұмыстар қалып отыр. Тағы да жолдың төменгі қабатының қалған жұмыстары бар, сол жұмыстар аяқталса, жылдың соңына дейін беріледі. «Жақсы» деген баға беруге болады. Жолдың құрылыс жұмыстарының қарқынына.

Ақтөбеден басталып, Атырау өңірі арқылы Ресей шекарасына дейінгі салынып жатқан жолдың жалпы ұзындығы 890 шақырымды құрайды. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан жобаға ірі қаржы ұйымдары мен республикалық бюджет қаражатын тарту көзделген. Көлік дәлізі пайдалануға берілген кезде жол бойында кемпингтер салынып, тиісті стандартқа сай сервистік қызметтер де көрсетілетін болады. Бұл мақсатта қазір жергілікті әкімдіктермен жұмыс басталды.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев