Ақтауда фонтандардың тең жартысы жұмыс істемейді

Жаңадан ашылған фонтанның өзі тоқтап тұр. Туристер қызығатын қалада серуен құрып, тынығатын жер де аз. Тұрғындар бұл мәселені жиі көтереді. 

Мешіт жанындағы мына фонтан көзден тасада тұр. Бар екенін біреу білсе, біреу білмейді. Субұрқақ деген аты ғана. Түбінде лас судан басқа ештеңе жоқ. Көптен тазаланбаған. Дәл осындай көріністі «Достықтың» алдындағы фонтаннан да көрдік.

Әйгерім Ашықбаева, тілші:

- 26 шағын аудандағы субұрқақ қосылмай тұр. Әдетте 1 мамырдан бастап суы шашыратып, көркі кіріп қалатын. Алайда жаздың ортасы болса да мына субұрқақтың күйі мәз емес.

Фонтандардың жаз бойы тоқтаусыз істеп тұрғаны ауданның байырғы тұрғындарының да есінде жоқ. Суы бірде болса, бірде болмайды. Бір күн істесе, 7 күн тоқтап тұрады дейді олар. 

БЛИЦ: 

- Мына жақтан күнде өтем, фонтан анда-санда қосылады, лас. Ешкім тазаламайды, маған ұнамайды. Басқа қалаларға жарысқа барғанда фонтандар өте әдемі болып, сулары ағып тұрады, біздің қалада ондай көрген жоқпын.

- Осы маңда тұрамын, немерелерімді әкеліп ойнатқым келеді, бірақ мына көріністі көрдіңіз ғой, адам шошырлық. Қоқысқа айналған.

Ал бұл субұрқақ осы жазда іске қосылған еді. Шаһардың көркін ашып, сәнін келтірген нысан бірден тұрғындардың сүйікті орнына айналды. Безендірілуі де ерекше. Төрт композициядан тұрады. Тәулігіне 272 текше метр су пайдаланылады. Бірақ біз барғанымызда жұмыс істемей тұрды. Қазір шаһарда тек 4-шағын аудандағы қалалық әкімдік алдындағы субұрқақ ғана істеп тұр. Тұрғындар бір фонтанның  аздығын айтады.

БЛИЦ :

- Фонтан болғаны жақсы әр жерде, қазір күн ыстық. 

- Бізде өте аз фонтан, бірде қосылып тұрады, бірде қосылмай тұрады.

Ал әкімдік өкілдері субұрқақ проблемасының бар екенін жасырмады. Биыл абаттандыру жұмыстары аясында 1 фонтанның ғана жөндеуден өткенін жеткізді. 

Айбек Ербөлеков, қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Ағымдағы жылы насостарды, құбырларды ауыстырдық. Достық сауда үйінің алдындағы фонтан жекеменшік. Оның иесіне хат жолданған болатын, мемлекет тарапына беру бойынша. Соның жұмыстарын жүргіземіз. Мемлекеттік меншікке өткеннен кейін қосамыз.

Ал қалған субұрқақтар ескерусіз қалмаса екен дейді тұрғындар. Жалпы болашақта жаңа субұрқақ салу жоспарланбаған. 

Әйгерім Ашықбаева, Саламат Бекбаев