Батыс Қазақстан облысындағы Қырқопа ауылында әлеуметтік нысандар ескірген. Мектеп ғимаратын күрделі жөндеу керек. Ал мәдениет үйі бірер жыл бұрын апатты деп танылып, жабылып қалған. Алайда әлі күнге дейін тиісті жұмыстар жүргізілмеді.
Жаңақала ауданына қарасты Қырқопа ауылында жүзден астам шаңырақ бар. Бірер жыл бұрын елді мекенге ауыз су мен газ желілері тартылды. Қазір тұрғындардың тұрмыс сапасы жаман емес. Тек әлеуметтік нысандардың жағдайы көңіл құлазытады. Ауылдағы Карманов мектеп-балабақша кешені осыдан 40 жылдай бұрын салынған. Алайда содан бері жібі түзу жөндеу жүргізілмепті. Қазір ғимараттың шатыры қирап, есік-терезелері тозып тұр.
Мұрат Башанов, Қырқопа ауылының тұрғыны:
- Төбесі ұшып кетіп, қайта-қайта жамап-жамап қояды. Ремонт жоқ қой енді. Есік-терезелер жабылмайды. Анау терезелер деген сайрап жатыр баяғыдан. Ағаш терезе. Спортзал и так пайдасыз. Кіреді, ойнайды, бірақ қыста кіре алмайды. Төбеден су ағады. Қатып жатыр іші.
Ауылдық оркугтің демографиялық ахуалы тұрақты. Әр оқу жылы 130 шақты баламен басталады. Мектеп жанындағы балабақшада 50-ге жуық бөбек тәрбиеленеді. Әйткенмен, олардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жоқ. Жауын-шашынды күндері ғимарат төбесінен су сорғалайды. Қыста қабырғалардың жарығынан жел гуілдеп, мектеп іші мұздай суық болады. Шіріп біткен инженерлік желілерден түк пайда жоқ.
Асхат Төлеуғалиев, мектеп-балабақша кешенінің директоры:
- Құжатта 30 жылдық жарамдылық мерзімі өтіп кеткен. Ақтау сылақ жұмыстары жүргізіліп келе жатыр. Ол енді жаз мезгілінде мектеп қызметкерлері болып жабылып жұмыс атқарамыз. Қатты боран, салқын кезінде желді ұстай алмайды, сондықтан мектебіміз қыс кезінде суып кетеді. Жарықтың кабельдері, барлығы тозып тұр. Жылдан жылға біздер оны таба алмай қалып жатамыз үзік болатын болса. Жылыту жүйесінің секциялары тозып тұр. Қатты қысымда жарылып кетеді кейде.
Оның үстіне ауылда мәдениет үйі жоқ. Бұрынғы ғимарат апатты деп танылып, жұмысы тоқтаған. Ал жаңа нысан салуға жергілікті әкімдік асығатын емес.
Жұмағали Темірғалиев, Қырқопа ауылының тұрғыны:
- Қырқопа ауылының тұрғындарына қазір қиын болып тұр. Елде мәдениет үйі істемейді. Жоқ. Жастарға демалатын жер жоқ. Мына мектептің ұсқыны мынау. Халықтың жағдайы осы. Ал қайда қарап отыр осыған жауапты адамдар?
Аудан бойынша үш мектепті күрделі жөндеу керек. Білім ордаларын жаңғырту бағытында техникалық негіздемелер дайындалғанымен, жобасын әзірлеуге әлі қаражат бөлінбеген.
Руслан Ғұмар, Жаңақала аудандық білім беру бөлімінің басшысы:
- Бұлар Қырқопа ауылдық округіне қарасты, М.Мирманов мектебі Бірлік ауылдық округіне қарасты, Д.Нұрпейісова мектебі Көпжасар ауылдық округіне қарасты. Осы үш мектеп. Бұлардың барлығына техникалық актілер жасалды. Дайын тұр. Енді жобалық-сметалық құжаттамаларды жасақтау үшін облыстық білім басқармасына бюджеттік өтініш жолданды. 6 млн 900 мың теңгеге. Енді сол қаржы шешіліп жатса, жыл аяғына дейін ЖСҚ жасатып, сосын экспертизаға өткізетін боламыз.
Ал Қырқопа ауылына салынатын жаңа мәдениет үйінің жобасы дайындалып жатыр. Тек құрылыс қашан басталатыны белгісіз.
Асқар Мұқамбетжанов, жаңақала ауданы әкімінің орынбасары:
- ПСД жасақталып жатыр. Оған ақша бөлінді аудандық бюджеттен. 6 миллиондай ақша бөлінді. Болашақта бұл мәселе жүзеге асады деген ойдамыз. Бюджеттік өтініш биыл беріледі.
Ауыл балалары кезекті оқу жылын тағы сыйақы қашқан мектепте өткізетін болды. Ал көпшілік іс-шаралар өткізетін орын әзір болмайтын сияқты. Тұрғындар әлеуметтік саланың әлеуеті тезірек жақсарғанын қалайды.
Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов