Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығына Салидат Қайырбекованың аты берілді

ҚР Үкіметінің Қаулысымен «Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы» ШЖҚ РМК «Салидат Қайырбекова атындағы Денсаулық сақтауды дамыту ұлттық ғылыми орталығы» ШЖҚ РМК болып қайта аталды.

ДСДРО 1994 жылы Алматыда Денсаулық сақтаудың медициналық және экономикалық проблемаларының ғылыми орталығы болып құрылды. Орталықтың құқықтық мирасқоры – Денсаулық сақтауды дамыту институты Астанаға көшіріліп, 2011 жылы Республикалық ақпараттық-талдау орталығымен бірігу арқылы Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығы атауын алды. Орталық қызметіндегі маңызды бағыттардың бастауында Салидат Қайырбекова тұрды, деп хабарлайды ҚР ДСМ баспасөз қызметі.

«Тәуелсіз Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінің даму тарихында ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Зекенқызы Қайырбекованың рөлі ерекше.  Салидат Зекенқызы қатардағы дәрігер-невропатологтан бастап Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министріне дейін, еліміздің денсаулық сақтау жүйесінің барлық деңгейлерінен өтті. Терең кәсіби білімі, ұйымдастырушылық қабілеті, көшбасшылық қасиеті мен жауапкершілік, ойлау өткірлігі, қарапайымдылығының арқасында Салидат Зекенқызы ҚР Денсаулық сақтау жүйесін дамыту жолында күрделі міндеттерді шешіп, тиімді команда құра алды, сондай-ақ медициналық ортада жоғары беделге ие бола білді», – деп атап өтті ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

Қазақстан Республикасының алғашқы Денсаулық сақтау әйел-министрі, ҚР Мемлекет және қоғам қайраткері, денсаулық сақтау саласындағы қайраткер, медицина ғылымдарының докторы С. Қайырбекова өз өмірін халыққа қызмет ету жолына арнады, отандық денсаулық сақтау саласына зор еңбек сіңірді.

«Денсаулық сақтау саласындағы ерекше еңбегін бағалап, С.З. Қайырбекованың есімін мәңгі сақтау мақсатында ДСДРО ұжымы Денсаулық сақтау министрлігінің ардагерлер кеңесімен, сондай-ақ медициналық қоғамдастық өкілдерімен бірлесе келе Орталыққа Салидат Қайырбекованың есімін беру туралы қолдаухатпен шыққан болатын. Салидат Зекенқызы берген дұрыс бағыттың арқасында Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы ғылыми негізделген талдау, озық инновациялық технологияларды әзірлеу және енгізу, денсаулық сақтау саласының жұмыс істеуі мен халық денсаулығының жай-күйіне талдау жүйесін қамтамасыз ету, салалық ақпараттық жүйені дамыту және елдегі менеджмент институтын күшейту бойынша Қазақстан Республикасындағы жетекші ұйымға айналды. Бұл трансформация біздің орталық үшін дамудың жаңа кезеңі болмақ», – деді «Салидат Қайырбекова атындағы Денсаулық сақтауды дамыту ұлттық ғылыми орталығы» ШЖҚ РМК Басқарма төрағасы Камалжан Надыров.

Орталық өз жұмысы барысында мемлекеттік бағдарламаларды, жол карталарын, салалық жобаларды және түрлі нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеуге және әдіснамалық іске асыруға қатыса отырып, отандық денсаулық сақтау жүйесін дамытуға үлкен үлес қосты. Сондай-ақ, медициналық қызметтердің сапасы жөніндегі біріккен комиссияның және Формулярлық комиссияның жұмыс органы ретінде олардың жұмысын сараптамалық-талдамалық сүйемелдеуді қамтамасыз етеді. Орталық сонымен бірге денсаулық сақтау саласындағы кадр ресурстары жөніндегі Ұлттық үйлестіруші міндетін атқарады.

Орталық ДДҰ, АҚШ Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары, Денсаулық сақтаудағы сапа жөніндегі халықаралық қоғам, БҰҰ Балалар қоры, Канаданың халықаралық денсаулық сақтау қоғамы, Кореяның денсаулық сақтау индустриясын дамыту институты және т.б. сияқты халықаралық серіктестермен ынтымақтасады.

Орталық алдына жаңа мақсат-міндеттерді қойып отыр. Атап айтқанда, алғашқы медициналық-санитарлық көмекті әдіснамалық сүйемелдеу орталығын, Ұлттық жобаларды іске асыру жөніндегі Жобалық кеңсені, клиникалық зерттеулер жөніндегі Үйлестіру орталығын, технологиялық құзыреттердің Салалық Орталығын құру. ДСДРО-ны қайта атау процесіне мемлекеттік бюджеттен қосымша шығын көзделмеген.

 

Сондай-ақ...