Жер қойнауын тиімсіз пайдалану және әкімшілік бұзушылықтар үшін 778 млн теңгеге шағым түсті

Энергетика министрлігі жер қойнауын пайдаланушыларға әкімшілік бұзушылықтар мен жер қойнауын тиімсіз пайдаланғаны үшін 778 млн теңгеге шағым түсірді, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

2021 жылдың қаңтар-маусымында көмірсутегі, газбен жабдықтау және мұнай өнімдері саласындағы мемлекеттік бақылау шеңберінде Энергетика министрлігі 94 тексеруді аяқтады. Оның ішінде рұқсат беру бақылауы – 62 (газ желісі ұйымдарын аккредиттеу, көмірсутектер саласындағы лицензиялау), жоспардан тыс тексерулер – 20.

«Жалпы сомасы 38,4 млн теңгеге әкімшілік айыппұлдар салынып өндірілді. Бірінші жартыжылдықта жер қойнауын ұтымсыз пайдаланғаны үшін 739,6 млн теңге сомасында залал есептелді, оның ішінде 712 млн теңге өндірілді», - деді ҚР энергетика вице-министрі Жұмабай Қарағаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның мәліметінше, 2020 жылы Энергетика министрлігі 169 тексеру жүргізген, оның ішінде рұқсат беру бақылауы – 125. Нәтижесінде 47,1 млн теңгеге әкімшілік айыппұл салынып өндіріп алынды, жер қойнауын тиімсіз пайдаланғаны үшін шағымдар 1 млрд 833 млн теңгені құрады, оның 646 млн теңгесі төленді.

«Қалған 1 млрд 187 млн теңге сомасына жер қойнауын ұтымсыз пайдаланғаны үшін залалды өндіріп алу бойынша жұмыс жүріп жатыр», - деп толықтырды Қарағаев.