Оралда жаңа оқу жылына дайындық қарқынды жүріп жатыр

Қаладағы санаториялық мектеп-интернаты жабылып қалды. Басты себеп – балалар санының күрт азаюы. Енді бұл ғимарат қарапайым орта мектеп болып ашылады.

Мұнда Зачаганск кентіндегі үш ауысымда білім беретін қос мектептің кейбір балалары көшіріледі. Ал жүктемесі ауыр №18 мектепке жаңа ғимарат салынып жатыр. Құрылысты жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Бұған қоса, №13 білім ордасы қайта жаңғыртылу үстінде. Әбден ескірген нысан жаңа оқу жылында жаңа кейіпке енеді.

Айсұлу Налиева, қалалық №13 орта мектебінің директоры:

– Осы 28 жылдың ішінде мектепте ешқандай жөндеу жұмыстары өткізілмеген. Енді сол жұмыстар жүріп жатыр. Осы үш айдың ішінде мектептің барлық терезелері ауыстырылды. Содан кейін мектептің төбесі ауыстырылып жатыр. Содан соң мектептің барлық жарығы ауыстырылады.Инклюзия бойынша кабинет ашып жатырмыз. Сол кабинетке керекті барлық жабдықтарды алдыртып жатырмыз.

Мектептер мен бір балабақшаның жөндеу жұмыстары қыркүйекке дейін аяқталады. Шаһарда 51 білім ұясы бар. Алдағы оқу жылында 55 мыңнан астам оқушы білім алса, соның 6 мыңы бірінші сыныпқа барады. Балалардың қауіпсізігін қамтамасыз ету бағытында әрбір білім ұйымында дабыл түймесі орнатылады. Сондай-ақ бейнекамералар орталық басқару жүйесіне қосылып, полиция қызметкерлерінің бақылауына беріледі.

Ақжарқын Темірханова, қалалық білім беру бөлімінің басшысы:

– Қазіргі таңда Орал қаласындағы 51 мектепте де камералар бар. Бірақ олар орталықтандырылмаған. Енді орталықтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Енді қазіргі эпидемиологиялық жағдайға байланысты қандай форматта өтсе де, мектептердің барлығы да санитарлық нормаларға сай құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз ету керек. Осыған орай барлығына да жоспарға сай қаржы бөлінді. Осы санитарлық нормаларды сақтайтын құрал-жабдықтармен мектептер толық қамтамасыз етілді.

Қала мектептерінің педагогтары вакциналау науқанында белсенділік танытып жатыр. Балалардың денсаулығын басты орынға қойған мамандардың 90%-і екпе салдырған.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов