Сарыағаш тұрғындары жеке емхана құрылысына қарсы шықты

Сарыағаш тұрғындары қалаға жеке емхана салуға қарсы. Ғимарат тұрғын үй секторының қақ ортасына, маңайдағы үйлерді жанай салынған.

Оның үстіне бұрынғысы маңайда көлік көбейіп, тұрғындардың мазасын қашырған. Бұл аздай, клиниканың қожайыны медициналық орталықты кеңейту үшін қосымша тағы бір ғимараттың құрылысын бастаған. Жұрттың ашуына тиіп тұрған да осы.

Севиль Аппасованың үйінде жарықтар көбейіп, әр бөлменің қабырғасы зақымдана бастаған. Оның айтуынша, бұл баспана түбіндегі құрылыс жұмыстарының кесірінен пайда болған. Ал мұнда жеке клиниканың жаңа ғимараты тұрғызылып жатыр.

Севиль Аппасова, Сарыағаш қаласының тұрғыны:

– Қараңыз, 5 қабат! Тағы 5 қабатты ғимарат салынбақ. Ауламызда еркін жүруден қалдық. Анау жерден темекі қалдықтарын лақтырып түкіріп, қақырады. Бөтелке шашылып жатыр. Күнде қоқыс тазалаудан шаршадық. Бұл не деген бассыздық!

Айгүл Әділбекова, Сарыағаш қаласының тұрғыны:

Біздің талабымыз – бұл жерге салынбасын. Медициналық центр сала ма, ашық, кең жерге салсын. Бізге ауа керек. Демалыс керек. Көшенің басында таңертеңнен 20-30 машина тұрады. Оған қоса, былай айтқанда, біздің көшеміздің берекесі кетті. Өз көшемізге өзіміз кіре алмай жатырмыз.

Рахат Мыңжасарова, Сарыағаш қаласының тұрғыны:

Көшеге аурухана соққанын қай жерден көрдіңдер? Кешіріңіздер деп, бір-екі адамды шақырып, мына жерден құрылыс салып жатырмын, қалай қарайсыздар, рұқсат бересіздер ме деп сұрап келулері керек қой.

Мұнда жолдың қақ ортасында үнемі ашық-шашық жататын кәріз жүйесі де тұрғындардың наразылығын тудырып отыр. Жұрт шұңқырдан қолқаны қабатын сасық иіс шығатынын айтып, шағымданды. Бұл да осы жеке клиникаға тиесілі көрінеді.

Севиль Аппасова, Сарыағаш Қаласының тұрғыны:

– Кәріз құдығы тұрғын үйден 25 метр алшақ болу керек. Ал мұнда 12-14 метр деп жазылған. Ал енді мына аралық 12 метр бола ма? Бұл жерде 2 метрде шықпайды. Сасық ауаны жұтуға мәжбүрміз.

Тұрғындар бұған дейін кәсіпкерге бірнеше рет қарсылық білдірген. Қарсы тараптан кері байланыс болмаған ұқсайды. Алайда медициналық орталық иесі түсірілім тобына жауап беріп, өз пікірін білдірді.

Жарылқасын Мелдешов, медициналық орталықтың бас дәрігері:

– Сұраныс көп болған соң осы аурухананы кеңейтейік деп аудан әкімшілігімен ақылдасып, аудандық архитектура, облыстық архитектура болып мынаны ары қарай созуға рұқсат беріп, планын сызып берді. Және оның ешқандай көршілерге зияны тимейтіні дәлелденіп, ГАСК бекітіп берді. Соған сәйкес құрылысымызды жүргізіп жатырмыз.

Самат Шахирбаев, Сарыағаш аудандық әкімі аппаратының заңгері:

– Осы құрылыс нысаны бойынша тиісті бізде жұмысшы топ құрылып, жұмысшы топта ауданның сәулет құрылысы, жер қатынастары, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі, аудандық СЭС-тен мамандар келіп анықтау жұмыстарын жүргіздік. Яғни анықтау нәтижесімен бұл жерде құрылыс нысаны бойынша тиісті сәулет құрылысы басқармасынан құрылысты жүргізуге рұқсат алынғаны белгілі болды.

Жұмысшы топ тек кәріз жүйесінің заңсыз салынғанын анықтаған. Мамандардың сөзінше, кәсіпкер оны мемлекетке тиесілі жерге орнатқан. Енді алып тастау талап етілмек. Ал тұрғындар мұнымен шектеліп қалмаймыз деп отыр. Олар құрылыс тоқтатылмайынша наразылық білдіре бермек.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Рауль Ғабитов, Ерболат Әбішов

Сондай-ақ...