Бір тал кессең, он тал ек

Шығысқазақстандық Михаил Феодоров 60 жылдан бері ағаш егумен айналысады. Жасы тоқсаннан асқан қария әр түпті өзі күтіп баптайды. Алайда жасыл желекті браконьерлерден қорғауға шамасы жетпей жатыр. Сондықтан орман қорғаушылардан көмек сұрайды.

Михаил Феодоров Глубокое ауданындағы Жаңа Үлбі ауылында тұрады. Ұзақ жыл теміржолшы болып еңбек еткен. Тіпті күндердің күнінде темірден көрі ағашқа қызығушылығым оянады деп тіпті де ойламаса керек. Алайда 30 жасында үйінің қасына бір түп қарағай әкеп еккен ол, сол беті бұл әдетінен арыла алмапты.

Қария бос жатқан жер ұнамайды дейді. Сондықтан жекеменшігі болмаса да, үй маңындағы батпақ басып жатқан алқапқа өз күшімен 30 Камаз топырақ төгіп тегістепті. Содан соң түрлі ағаш көшеттерін еге жүрген. Қазір бұл жер қайыңдары майысқан, шыршалары толысқан шағын орман.

Михаил Феодоров, Глубокое ауданының тұрғыны:

– Шаңы шығып жатқан жер кімге ұнайды,құр тұрмасын деп түрлі ағаш еге бастадым. Көшеттерді теміржол бойыннан,биік электр желілерінің астынан алып жүрдім.Өйткені оларды кейін бәрібір қопарып алып тастар еді.Кейде поездбен 25-30 түп көшет алып келетінмін.

Михаил Феодоров ағаш-талды бүгінге дейін өзі суғарып,күтеді.Оның үстіне қазір қарағайды дәнінен бастап өсіре бастапты.Машақаты көп,бірақ мойымайды.Табиғатқа көмектесу керек деп есептейді.

Михаил Феодоров, Глубокое ауданының тұрғыны:

– Осы аудандағы мектеп ұжымына ұсынысым бар.Мына жақта тұрған тау үстін көгалдандыруға ат салысса деймін.Мен оларға көшеттерімнен берер едім,қанша керек,сонша бере аламын.Сонымен қатар бұл орманды енді кім қорғайды,билік айналысу керек қой.Осыған да көмек болса деймін.

Зейнеткердің алаңдауы бекер емес.Жайқалып тұрған дайын көшеттер кейбіреулердің көзін қызықтыра бастаған.

Бұл жердегі әрбір тал қарияның маңдай тері.Алайда сол еңбегін еш кетіріп жатқандар көп.Мәселен жақында ғана табиғат қаскөйлері осындай өсіп қалған 11 түп қарағайды отап кетіпті.Сан соққан қария амалсыздан қайтадан мынадай кішкене көшет отырғызып қойды.Енді оны да күтіп баптау керек.

Қария отырғызған орманды қорғалатын аумақтар реестріне енгізуге бола ма? Біз бұл сұрақтың жауабын салалық мамандардан сұрап білдік.

Гүлнәр Краскова, ШҚО Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім маманы:

– Ол орманды ондай тізімге енгізу ұзақ процедура.Барлық ереже талаптарды ескеру керекпіз.Ол үшін біршама уақыт қажет.Біз енді барлық нұсқаларын қарастырып,қарияға көмектесуге тырысамыз.

Енді табиғи ресурстар басқармасының сарапшылары ол жерді барып көріп,істің-мән жайын зертттемек. Жалпы облыста 50 мың гектар жасыл желекті «орман қорының қарамағына» енгізу жоспарланыпты. Бұл тізімге Михаил Феодоровтың 3 гектар орманы кіре ме, жоқ па әзірге белгісіз.

Авторлары: Эльмира Ахметова.Жігер Бабаханов