ШҚО-дағы курорттық аймақтарды қоқыс басып барады

Волонтерлер өзен-көлдердің жағасынан апта сайын 30-40 қап қоқыс шығарады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жағажайдағы экоахуалды оңалту үшін экологтар апта сайын рейдке де шығады. Бұл жолы мамандар Ұлан ауданындағы Дұбағалы көлінің жағасындағы демалыс нысандарының тазалығын тексерді. Демалушылар мен туристерге түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Қоқыс жәшіктерін уақытлы тазалау мәселесі де сын көтермейді. Жалпы аймақтағы демалыс орындарында 500-ге жуық контейнер болса, оның 30-дан астамы ғана талапқа сай.

Шолпан Еркінбек, волонтер:

- Әр аптада 2-3 рет келіп тазалауға тура келеді. Себебі келушілер саны өте көп. 2-3 күнде бұл жердегі жәшіктер қоқысқа лық толы болады. Тазаламасақ, келушілерге өте ыңғайсыз, сол үшін аптасына екі рет келіп тазалауға тура келеді.

Рауан Тұраров, облыстық мемлекеттік экологиялық бас инспектор:

- Шығыс Қазақстан облысы бойынша 552 қоқыс аймағы анықталған болатын. Қазіргі күні оның 100 шақтысы жойылды. Қалғаны Президенттің тапсырмасына сәйкес үш айдың ішінде жою керек деген тапсырма болған. Алдымызда 2 ай бар. Жұмыс жүргізіліп жатыр.