Арыстағы өрт: ауаны тексеру нәтижесі жарияланды

Қазгидромет Арыс станциясындағы өртке байланысты ауа сынамаларына жасалған жоспардан тыс іріктеу нәтижесін жариялады, деп хабарлайды Хабар 24 Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Өрт шыққан Наурыз шағынауданы қаланың шет жағында, оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. Онда 1700 адам тұрады.

«Ластаушы заттардың шоғырлануы келесі химиялық қосылыстар бойынша өлшенді: қалқыма заттар, азот диоксиді, күкірт диоксиді, көміртек оксиді, күкіртті сутек, формальдегид және аммиак. Өлшеу 6 нүктеде жүргізілді. Олар:

№ 1 нүкте: Қазыбек би көшесі, Орталық алаң (т/ж вокзалы ауданында).

№ 2 нүкте: Өркендеу көшесі, Наурыз шағынауданы, іріктеу уақыты 14:15.

№ 3 нүкте: Қаланың солтүстік бөлігі.

№ 4 нүкте: Е.Молдабаев атындағы орта мектеп, Мадалиев көшесі.

№ 5 нүкте: орталық аудандық аурухананың жаны, Жұмабаев көшесі.

№ 6 нүкте: аудан әкімдігінің жаны, Еркобек көшесі.

Өлшеу нәтижелері бойынша шекті рұқсат етілген шоғырланудан асып кету анықталған жоқ. Радиациялық фонның деңгейі норма шегінде», - делінген хабарламада.

Қазгидромет мәліметінше, сары фосфор – өте улы, спецификалық сарымсақ иісті зат. Суда ерімейді, ауада тез тотығады және фосфор оксидінің ақ түтінін түзіп, өздігінен жанады.

Еске салайық, 6 тамызда Жамбыл облысынан Ресейге бара жатқан пойыздың екі фосфор тиелген контейнерінен өрт шықты. Будақтаған ақ түтін жұрттың зәресін ұшырды. Кейінірек Арыста ықшамаудан тұрғындары эвакуацияланды.