Қызылордада қоғамдық көлік мәселесі өзекті

Қоғамдық көліктің қызметіне қызылордалықтардың көңілі толмайды.

Жүру кестесі жолаушыларға қолайсыз. Аузы-мұрнынан шығарып адам таситын автобустарда санитарлық талаптар да сақталмайды,-дейді тұрғындар. 

Бірі жұмысқа, енді бірі үйіне асыққан қарбалас сәттерде орталықтағы аялдамаларда автобустар ұзын-сонар кезекке тұрады. Бар мақсаты – жолаушыны көбірек мінгізу. Көбірек табыс табу. Осылайша қоғамдық көліктердің аралық уақыты сақталмайды. Көлік кептелісі туындайды. Әсіресе, шалғайда тұратындар үшін қиын.

Бұл мәселемен автобус паркі жақсы таныс. Бірақ пандемия салдарынан табысымыз азайып кетті деген жауаптылар, күнделікті бағытқа шығатын автобус санын әзірге көбейте алмайтындықтарын айтып отыр.

Қанат Рахметов, «Қызылорда» автобус паркі директорының орынбасары:

Қызылорда қаласы бойынша 2020 жылдың наурыз айына дейін осы 33 бағытта 450-430 автокөлік жұмыс жасаған. Сенбі, жексенбі күндері 250-300 автокөлікке дейін қызмет көрсеткен болатын. Қазіргі таңда пандемия салдарынан және табыстың болмауына байланысты 2020-дан аспай отыр. 60 автобусты Қызылорда автобус паркі беріп отыр, қалған 150-160 автобусты жеке кәсіпкерлердің автокөліктері. Бұл жұмыс күндері. Ал сенбі, жексенбі күндері 50-60 автобусқа дейін. Қоғамдық тасымалдың өте қиын кезеңін бастан кешірудеміз қазіргі таңда.

Қалалық қоғамдық кеңес мүшесі – Эрик Теңізбаев қоғамдық көлік төңірегіндегі қордаланған мәселені шешу үшін мемлекеттен қолдау қажет,-дейді.

Эрик Теңізбаев, қалалық қоғамдық кеңес мүшесі:

– Жеке меншік иелері жеңілдікке ие санаттағы азамттарды тасымалдаудан бас тартады. Басқа қалаларда мұның бәрі бюджеттен өтеледі, сәйкесінше тасымалдаушылар да, жолаушылар риза. Ал, қазір әкімдік жеке меншік иелерін аталған санаттағы жолаушыларды жеңілдікпен тасымалдауға міндеттеп отыр. Сондықтан олар шығынға ұшырауда.

Соңғы рет қоғамдық көліктердің бағыттық сызбасы 2005 жылы жаңартылған. Содан бері қала аумағы кеңейіп, жаңа мөлтек аудандар пайда болды.

Біржан Далабаев, қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

Жаңа сызба дайын болды. Мұны арнайы зерттеу институты жасады. Бірақ, біз тұрғындардың ұсынысы бойынша осы жоспарға бірқатар өзгеріс енгізіп жатырмыз. Тиімділігін арттыру үшін.

Қоғамдық көліктердің бағыттық жаңа сызбасы автобустардың жүру уақыты мен тиімділігін артырады. Шетаймақтардың да жолаушы тасымалы мәселесі шешімін таппақ деп сендірді мамандар.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев