Абайдың 176 жылдығына орай ақынның туған жерінде бірқатар игі шаралар атқарылды

Ақынның туған жерінде биыл атаулы датаның құрметіне орай бірқатар игі шаралар атқарылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Абай ауданы Қарауыл ауылына көптен күткен ауыз су тартылды, көшелері жөнделді, жаңа саябақ ашылып және қазірдің өзінде бір қабатты 16 үй пайдалануға берілгелі жатыр.

Абай ауданында соңғы екі жылда ақын мерейтойына орай ауқымды жобалар жүзеге асты. Көпшілік келетін «Жидебайдағы мемориалды кешен жөнделіп, әулеттің Ақшоқыдағы бейіті абаттандырылды. Құнанбай қажы жайлы мол мағлұмат беретін мұражай салынды. Құрылыс жұмыстары Қарауылда да жүргізілді. Елді мекенде саябақ ашылып, орталықтандырылған ауыз су жүйесі тартылды. Бұл мақсатқа қазынадан жарты млрд теңге жұмсалған.

Бақытгүл Медетбекқызы, Қарауыл ауылының тұрғыны:

- Абай елі күннен күнге көркейіп жатыр. Ұлы Абай еліне таза су келіп жатыр, пайдаланып отырмыз, жақсы рахмет. Бұрын енді өзіміздің меншікті құдықтарымыздан су ішкенбіз, енді қазіргі уақыттарды осы таза суды пайдаланамыз.

Ауылдың дамуымен тұрғындар саны да артып келеді. «Нұрлы жер» және «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында жаңа ықшам аудан салынып жатыр. Жақын күндері 32 отбасыға пәтер кілті табыс етілмек.

Сырым Рақымжанов, Абай ауданы ТҮКШ және автомобиль жолдары бөлімінің жетекшісі:

- Әр пәтердің ауданы 100 шаршы метр. Жиыны 3200 шаршы метр үй салынып, міне, аяқталуға жақын. Алдағы осы Абай атамыздың туған күні қарсаңында, тамыз айында осы үйлерді пайдалануға беру жоспарда. Бұл үйлер негізінен көп балалы отбасылар, кезекте тұрған және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға беріледі.

Манатай Балтақайұлы Құнанбай Өскенбайұлының ауылда тұратын жалғыз неменесі. Ол өз әулетінің тарихын жақсы біледі. 85 жастағы қарияның жастарға айтары бар.

Манатай Балтақайұлы, Құнанбай Өскенбайұылының неменесі:

- Біздің айтатынымыз, Абайды оқы, Абайды үйрен. Тоқаевтың сөзі бар ғой: «Егер Абайдың ақылын алатын болсақ, айтқанын орындайтын болсақ, онда біз өнегелі ел боламыз, мұратты мемлекет боламыз», - деді ғой. Міне, Абайды оқу керек жастарға, үйрету керек. Абайдың өмірде қалыс қалған саласы жоқ қой, бәрін айтып отыр «оқы, білім ал, өнер үйрен, ғылымға ұмтыл» деп.

Ұлы ақынның 176 жылдығына орай аймақта 30-дан аса әртүрлі шара ұйымдастыру жоспраланып отыр. Олардың басым бөлігі тамыз айында өткізіледі.

Бұрхан Мұратов, Абай аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы:

- Мереке күні қарсаңында тұрақты негізде бізде барлық ауылдық округте қайырымдық акциялары ұйымдастырылады. Сонымен қатар онлайн фарматта меркелік концерт өткізіледі және де осы Сарыжал ауылдық округінде жеке кәсіпкер есебінен салынып жатқан 120 орындық «Толғанай» балабақшасы пайдалануға беріледі.

Абай ауданында ескі мәдени нысандар жөнделіп, жаңасы салынды. Енді аймақта туристік кластерді дамыту жоспарланып отыр.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Әсем Өтешева, Берік Жобалайұлы

Сондай-ақ...