Шортанды ауданында ғалымдар тұрғындарды құс шаруашылығына тегін үйретеді

Ақмола облысының Шортанды ауданында ғалымдар жергілікті халықты құс шаруашылығына тегін үйретуде, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әлеуметтік жобаны елордадағы университеттердің бірі қолға алған. Аталған аудан астананың іргесінде орналасқандықтан, мұндағы бірнеше елді мекеннен 7 отбасы таңдалып, оларға бас-аяғы 2 мыңға жуық бройлер тауығы үлестірілген. Тұрғындардан талап етілетіні – тек құстарды уақытылы қарау. Қалған жемі мен басқа да қажеттіліктерін, ең бастысы қанаттыларды өсірудің қыр-сырына қатысты білімді, оқу ордасының жас мамандары беріп отырады. Ал, тауық етінен түскен табыстың 60 проценті университетке қайтарылса, қалғаны құс баққан адамның өзінде қалады.

Наталья Зуева, Научный кентінің тұрғыны:

- Біз құстарды бір тәуліктік кезінде алып, оларды екі ай бойы күтіп-баптап, кеше ғана етке өткіздік. Маған 200 балапан берді. Олардың 16-сы өліп қалды. Дегенмен, қалғандарының өзінен бізге келісім шарт бойынша 90 бас қалып отыр. Біз бұл жобадан көп нәрсе үйрендік. Қай кезде қандай жем беру керек. Тіпті тауыққа да ветеринар керектігін білдік. Енді өзім шағын құс фермасын ашуды ойлап отырмын.