Алдағы қыста көмір бағасы қандай болады

Алдағы қыста көмір бағасы қандай болады
astana.gov.kz

Биыл биржалық комитеттің хаттамасымен коммуналдық-тұрмыстық көмірді тауар биржалары арқылы өткізу жөніндегі секциялық қағидалар бекітілді.

ҚР ИИДМ мәліметінше, жаңа ережелер нарықтық объективті баға индикаторларын (тұтынушылар үшін монополиялық жоғары емес және жеткізушілер үшін тиімсіз төмен емес) қалыптастыруға көмектесуге арналған.

Жаңа қағидалар бойынша өңірлік операторлар облыстың көмір қажеттілігінің 10% тауар биржасы арқылы тікелей алады. Мақсат – араға делдалдарды қатыстырмау.

Көмірдің қалған 90% көмір өндіруші компаниялар өз талаптарымен өткізе алады. Яғни тікелей келісімшарттар, биржалық сауда арқылы. Алайда оның да бағасы монополияға қарсы органның бақылауында болады.

Дегенмен ҚР ИИДМ мамандары көмір бағасы өткен жылға қарағанда тұтынушыларға қымбатқа түсетінін мойындайды.

Көмір өнімдері бағасының өсуіне әсер ететін кәсіпорындардың шығындарына жүргізілген талдау өндірушілердің электр энергиясына, жарылғыш заттарға және жанар-жағармайға (24%) шығыны артқанын, ал шахталық жабдыққа қосалқы бөлшектерге тариф 1,6 есе көтерілгенін растады. Орташа алғанда жалақы 8-18% өсті.

Көмір саласын мемлекет субсидияламайды. Сондықтан өндірістік шығындардың өсуі тұтынушылар үшін көмірдің құнына тікелей әсер етеді. Сарапшылардың бағалауынша маркасына байланысты көмір бағасы 9,9%-тен 24%-ке дейін өсуі ықтимал.